Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылында Мейрамбек Бесбаев есімді өрен тұрады. Ол да өзімен есімі де, тегі де бір атақты әншісі секілді өнер иесі болғысы келеді.
2007 жылдың 29 тамызында Бесбаевтар отбасында шекесі торсықтай ұл бала дүниеге келеді. Зейнегүл әжей де немересінің есімі мен тегін атақты әншіге ұқсатып, ырымдап қойғанды жөн көреді.
– Аты-жөнім әнші Мейрамбек Бесбаевпен бірдей болғанына қуанамын. Ол әншіні ерекше жақсы көремін. Әндерін сүйіп тыңдаймын. «Арман алысқа жетелейді» демекші менің де өз арманым бар. Болашақта сол кісі секілді танымал әнші болуды мақсат етіп жүрмін. Әншілікті жаным сүйеді. Қазір домбыра үйірмесіне баруға талаптанып жатырмын, – дейді жас Мейрамбек.
Әншімен аттас бала бүгінде ауылдағы № 147 мектепте 3-сыныпта оқиды. Сабаққа үлгерімі өте жақсы. Осы кезден алғыр, тілалғыш болып өсіп келеді. 2010 жылы «Музарт» тобы гастрольдік сапармен Бесарық ауылына келді. Сол уақытта баланы атақты әншінің өзімен кездестіріп, аузына түкірткен.
Сондай-ақ, Сыр өңірінде Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Дәулет Тұрлыханов, Бибігүл Төлегенова, Мәдина Ерәлиева секілді көптеген жастар бар.