Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

ЖАС АҚЫНДАР БАҚ СЫНАСТЫ

ЖАС АҚЫНДАР БАҚ СЫНАСТЫ

 

Аманкелді ауылдық округінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі аясында жырау Рахмет Мәзқожаевтың 135 жылдығына орай «Алдаспан жырдың жампозы» атты аймақтық жас ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды облыстық «Сыр бойы» газеті. 
Шараны Сырдария аудан әкімдігі мен облыстық халық шығармашылығын дамыту продюсерлік орталығы ұйымдастырды. Айтысқа Астана, Шымкент қалалары мен облыс, аудан орталықтарынан келген жас ақындар қатысты. 
Шараны аудан әкімінің орынбасары Б. Өтегенова ашып, Р. Мәзқожаевтың өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталды. Ал облыстық халық шығармашылығын дамыту продюсерлік орталығының директоры С.Аманкелдиев белгілі жырау құрметіне ұйымдастырылып отырған шараның маңыздылығын айта келе, оған қолдау көрсеткендерге алғысын білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. 
Атақты жыраудың өнері мен өміріне құралған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Мұнан кейін Сыр намысын қорғап жүрген белгілі ақын, республикалық «Алтын домбыра» айтысының бас жүлде иегері Мұхтар Ниязов жас айтыскерлерді таныстырды. Сонымен алғашқы жұп сахнаға көтерілді. Олар астаналық ақын Аманкелді Бек Шмат пен жерлесіміз Сырым Әділбеков болды. Одан әрі шиелілік Бекжан Ержігіт пен қызылордалық Совет Төрехан айтысты жалғаса, үшінші жұп болып елордалық Рай Дөңбай мен Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Дәурен Ысқақ айтыстың көркін қыздырды. Соңғы жұп болып ең жас аралдық ақын Бексұлтан Орынбасаров пен қармақшылық  Тұрар Бекмырзаев айтысты. Жас ақындар айтыста Р.Мәз¬қожаевтың ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан өнерді дамытуға қосқан үлесін, ел Тәуелсіздігінің жемісті қадамдарын, сан ұлттың бір шаңырақ астында айрандай ұйып отырғандығын тілге тиек етті. 
Қазылар алқасының шешімімен екінші айналымда Рай Дөңбай мен Бексұлтан Орынбасаров, Дәурен Ысқақ пен Тұрар Бекмырзаев бақ сынасты. Жеңімпаздарды анықтауда қазылар ақындардың сөз сап¬тауына, өлең ұйқасына, құрауына басты назар аударды. Сонымен көптен күткен сайыс та мәресіне жетіп, жүзден жүйріктер анықталды. Бас жүлдені шымкенттік Д.Ысқақ қанжығаға байласа, бірінші орынды қармақшылық Т.Бекмырзаев иемденді. Ал, екінші орынды елордалық Р.Дөңбай алса, үшінші орын аралдық жас ақын Б.Орынбасаровқа бұйырды. Жеңімпаздар мен қатысушылардың барлығына да ақшалай жүлделер табыс етіліп, естелік сыйлықтар үлестірілді. 
Шара соңында ұйымдастырушылар Р.Мәзқожаевтың көзін көрген рухани інісі абыз ақсақал З.Ибадуллевқа сый-сияпат көрсетті. 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: