Н.Бекежанов атындағы Қызылорда драма театрында Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» драмасының премьерасы өтті.
Драма аншлагпен өтті, көрермен залында қойылымды тіпті тұрып тамашалаған да көрермендер болды. Спектакльді осы жылы театрымызға жаңадан келген жас маман, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның халық әртісі Маман Байсеркеновтың шәкірті Оразалы Ақтөре қойды.
Бұл спектакль – өмірдің нақ өзі! Өмірдің алуан-алуан қиындықтарына қарамастан, әрбір саналы адам қоғамдағы, отбасындағы өзінің рөлін ұмытпауы тиіс деген игіліктен туған дүние. Бүгінгі қоғамдағы боямасыз шын¬дық – ағайындар арасындағы алауыздық. Психологиялық драманың мәні әрбір көрерменге туған ел мен туған жермен қатар, туған шаңырақ пен ата-ананың алдындағы перзенттік парыздың бар екенін паш етеді.
Отбасы тақырыбы – мәңгілік тақырыптардың бірі. Театр сахнасында жастарға үлгі боларлық, мәні бар шығармаларды қою қажеттіліктен туындап отыр. Осындай маңызы зор дүниелерден жастар сабақ алуы қажет. Ата-анасын ұмытпасын, бауырмал болсын, отбасы мейірімінен ажырамасын деген мақсатта «Бір түп алма ағашы» драмасы көрерменге ұсынылды.
Қойылымның шешуші сәттерінде көрермендер көзіне жас алып, шынайы бейнесін сомдаған өнер майталмандарын зор ықыласқа бөлеп, қол-қошеметпен шексіз алғыстарын білдірді.