АРАЛ ҚАЛАСЫНДА ЕҢСЕП ІЗБАСҚАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨШЕ АШЫЛДЫ
Бүгін Арал қаласында Ұлы Отан Соғысының ардагері Еңсеп Ізбасқанов атындағы көшенің ашылу салтанаты өтті.
Шараның ашылу салтанатында алғашқы сөз кезегін алған аудандық мәслихаттың хатшысы Д.Мәдинов көше тұрғындарын қуанышымен құттықтап, аудан ардагерлері А.Кішкене, Ш.Дәрмағамбетов ардагердің өмір тарихынан сыр шертіп, ұрпаққа өнегелі сөзін арнады.
Сонымен қатар, ардагердің ұлы Бейбітбек Ізбасханов жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, көшенің атауымен бірге мазмұнын, яғни көркейуін қолға алатындарын жеткізді.
Айта кетейік, Арал ауданы, Ақирек ауылының тумасы Е.Ізбасханов 16 жасынан аудандық баспаханада әріп теруші болып, жастайынан еңбекке араласқан. 1942 жылы Совет Армиясы қатарына алынып, сұрапыл соғысқа аттанған. Көрсеткен ерлігінің нәтижесінде СССР жоғарғы Кеңесінің «За оборону Сталинграда», «За победу над Германией» медальдарымен және көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Соғыстан келісімен баспаханада бірқатар қызметте болған ардагер кейіннен, өмірінің соңына дейін «Толқын» газетінің баспахана директоры қызметін атқарған.
Осылайша, оның бейбіт өмірдегі еңбегі бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, ҚазССР баспасөз және полиграфия комитетінің «Отличник печати» төспелгісімен де марапатталған.