16 мамыр күні Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мәдениет және өнер қызметкерлерімен кездесіп, шығармашылық өкілдерін алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады
-Жаһандық дамуда өз үлесімізді ала отырып, өткен тарихымыз бен дәстүрлеріміздің асыл құн¬дылықтарын қайта жаңғыртып, ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу – Елбасының көреген шешімі. Осы орайда, Ұлт Көшбасшысы ауқымы кеңейіп, «Туған елге» ұласатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып отыр. Бабалардан қалған «Туған жерге туың тік» деген асыл сөз бар. Осы ретте, әрбір қазақ, іскер азаматтар, ғалымдар мен өнер қайраткерлері туған топыраққа қызмет етіп жатса, келер ұрпақ үшін тағылымды өнеге жолы ғана емес, әрбір азаматтың перзенттік парызы екені анық. Бұл ретте, қалың қазақтың қаймағы бұзылмаған мекені, барша түркі мәдениетінің алтын көмбесі - Сыр өңірі өзгелерге үлгі, эталон болуы тиіс,-деді облыс әкімі.
Атап өтетін жайт, Сыр елінің мәдениет саласында ауыз толтырып айтарлық жетістіктер жетерлік. Саланы қаржыландыру көлемі жыл сайын ұлғаюда. Сәйкесінше, жаңадан ашылған мәдени нысандар саны да артып келеді.
Мәселен, 2013-2016 жылдары аймақта 23 типтік клуб, 4 музей және кітапханалар ашылып, 62 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыстық тарихи-өлкетану музейі толықтай қайта қалпына келтіріліп, жаңа залдар жабдықталды.
Облыс әкімі сала қызметкерлерін марапаттады: 2 адамға Қызылорда облысының Құрмет Грамотасы,10 адамға алғыс хаттар, сондай-ақ, 2 адамға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілері және 3 адамға Құрмет Грамоталары табыс етілді.
Сондай-ақ, Тұрмағамбет атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің бас дирижері Кеулімжай Ботабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші әрі ақын Қайырбай Зәкіров, Бұқарбай батыр ауылындағы кітапхананың кітапханашысы Шара Қазиева, жыршы Шолпан Бимбетова және т.б. шығармашылық өкілдері әріптестерін төл мерекелерімен құттықтады.