Биыл облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға қаланың негізгі көшелері абаттандырылып, ұлттық нақыш арқылы қазақы болмысты әспеттейттін түрлі пішіндер орналастырылған.
Ал, қазіргі таңда мұндай кескіндемелердің 40-қа жуығы көше көркін арттыруға үлес қосып тұр. Биылдың өзінде олардың қатарын "Қызылорда-200", "Астана-20 жыл", "Рухани жаңғыру" сынды жазуы бар саяси-танымдық түсінікті қалыптастыратын көзтартар әсем тақтайшалар толықтырды.
– Күн санап гүлденген қаламыздың ерекше келбетін көріп қуанамыз. Бұрынғыдай емес, көшелер тап-таза, әдемі. Қып-қызыл гүлдердің өзі адамның тынысын кеңейтіп, көңіл-күйін көтереді. Жұмыстан келген соң, отбасымызбен түнгі қалада серуендеуді әдетке айналдырғанбыз. Балаларымыз қызылды-жасылды мүсіндерді көріп, қызығушылық танытып сұрап жатады. Мұның өзі баланы эстетикалық, танымдық жағынан тәрбиелуде оң ықпал етеді, – дейді қала тұрғыны Гүлзираш Смағұлова.
Расында, түнгі қаланың ерекше шырайын көргенде сырлы бояудың құдіретін ұғындырған суретшінің салған ғажап туындысы көз алдымызға елестейтіні анық. Мақпал түннің тыныштығында мүлгіген қала тіпті сұлулана түседі ме дерсіз. Гүлзарлардың мұрын жарар хош иісі, бірін-бірі жағалай қонған самаладай жап-жарық шамдар көзтартар көркемдікті паш етіп тұрғандай.