Елімізде өткен концерттердің бірінде «Біздің Рамазан» әнін аты дардай өнер иелері жанды дауыста шырқай алмай, сынның астында қалды, деп хабарлайды Shownews.kz ақпараттық порталының тілшісі.Естеріңізге салсақ, «Біздің Рамазан» әніне таспаланған бейнебаянда отандық шоу-бизнестің он шақты өкілі бой көрсеткен. Әдемі ән, әсерлі сөз. Әйтсе де әлеуметтік желіде таралған бейнероликте Бейбіт Көшқалиев, Жігер Ауыпбаев, «Заман» және «Самал» тобының серілері дәл осы туындыны бабына келтіре орындай алмай, сөзден жаңылып, дүйім жұрттың сынына ұшырады.
«Сөз жоқ! Өтірік әртіс бәрі, ақшамен жүрген», «Позор-ай, позор! Олай сахнаға шыққанша, шықпай-ақ қоймадыңдар ма? Әнші дейді ғой», «Масқара! Қаншама әнші тұрып, біреуі де сөзін білмейді», – дейді әлеуметтік желідегі оқырмандар.
«Кейбір кезде аппараттары талапқа сай, шартқа сай келмеген соң бізге фонограммамен айтқызады. Ол жерде микрофондары шынында да өшіп қалды. Бізде мұндай жағдайлар болып тұрады», – деді Бейбіт Көшқалиев.
Бұл кезде анығында микрофон емес, фонограмма өшкен еді. Әнші болған жағдайды барынша баяндап беруге тырысып бақты.
«Мен қателеспесем, ән қайырмасында үзіліп қалды. Оны бәрі жатқа біледі. Тек менің микрофоным қосылып тұрды, басқаларынікі не үшін өшіп қалғанын білмеймін. Содан кейін біз микрофонды түсіріп, бәріміз бірге айтып кеткендей болдық», – дейді өнер иесі.
Иә, бұл отандық орындаушылардың басындағы бірінші жағдай емес. KeshYouдің экс-құрамы да Жезқазғанда өткен концерттердің бірінде дәл осындай оқиғаға тап болып, сахнада сасып қалған еді. Дәл осы құрамда өнер көрсеткен Балжан Бидаш, техникалық ақаулар болса да, тығырықтан шыға алмағандары үшін әлі күнге ұялады.
«Фонограмма күтпеген жағдайда өшіп қалды. Әдейі ме, әлде кездейсоқ болған ба білмейміз ғой. Негізінде кішкене ұятты боп қалдық. Қыздардың бір-екеуінің музыкалық білімдері жоқ деген сияқты. Сол жағынан да кішкене байланыс болмай қалды», – дейді әнші.
Әйтсе де сахнадағы келеңсіз жағдайлар тек қазақ эстрадасы әншілерінің арасында емес, шетелдің азулы әртістерін де айналып өтпеген. Мәселен, Валерий Меладзенің ауқымды аудиторияның алдында ыңғайсыз жайтқа тап болғаны бар.