Сыр өңірі байырғыдан рухани мұраларға бай өлке. Дәстүрлі ұлттық өнердің туын тіккен жер. Сыр сүлейлері атанған жұлдызды шоғыр сонау Күлтегін, Тоныкөк сынды түркі өркениетімен мәдениеті дамыған замандардан жалғасын тапқаны ақиқат. Киелі Қармақшы топырағында Қорқыт бабамыздан бастау алатын жыраулық өнердің дамып, қалыптасқаны белгілі. Жырау Жиенбай Дүзбенбетұлы 1864 жылы «Ақтайлақ» деп аталатын мекенде /Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы/ ежелден келе жатқан ата жұртында дүниеге келген. Бала күнінен өлең- жырға құмар болып, әкесі Дүзбенбеттен өнеге, тәлім- тәрбие көрген Жиенбай үш жүзге мәлім жырау атанған.
Алқалы топта шашасына шаң жұқтырмайтын шын жүйрік Жиенбай жырау халық ықыласына бөленіп, айрықша құрметке ие болған. «Жүз жүйрік» атты толғауында Әлиакбар ақын:
Жиенбай жырау жүлде алған,
Аптаны қойып күнде алған.
Хан менен қара бас қосса,
Қалтқысыз сөзі тыңдалған.- деп баға береді. Осы орайда Жиенбай жырау - «Көрғұлы» жырын қазақ даласына әкеліп, алғаш болып насихаттаушы. 62 салалы «Көрғұлы» дастанын Жиенбай жырау өз мақам-саздарымен тұрақты жырлауға мұра етіп қалдырған. Соның негізінде Сыр бойында «Жиенбай жырау мектебі» қалыптасып отыр.
Жиенбай жырау, шайыр Омар Шораяқұлының апасынан туады. Шораяқтың әулеті бұл баланың атын «Жиенбай қоямыз» деп, «жырға бай» еткен екен деседі. Жиенбай жырау сауатты боп, араб, парсы, түркі тілінде хат таныған. Ағартушылық жолында көп шәкірт тәрбиелеп, көптеген Сыр сүлейлеріне ұстаз болған. Атап айтсақ, Тұрмағамбет, Кете Жүсіп, Шахар ақын, өз балалары Дастанбек, Рүстембектерді киелі жыр- өлеңге, сөз өнері - жыраулыққа баулыған. Өз жырында Қуаныш қожа Баймағамбетов:
Жиенбай жыр бұлағы Кетедегі,
Шәкірт қып көп шайырды жетеледі.- десе,
Тұрмағамбет ақын;
Есенжол, Жүсіп, Жиенбай,
Жүйріктер заманның.
Отарбай әр жерден,
Көрінетін бір-ақ бұрқылы- деп Жиенбай заманында алқалы топта басым жүйрік екендігін суреттеген. Ал, Омар Шораяқұлы өз толғауында;
Дүзбенбетұлы Жиенбай,
Ақ домбыра қолға алып.
Ұшатын құстай қомданар.
Ерегіскен ер болса,
Екі талай жер болса,
Аянбай шауып жолды алар- деп, жыр жүйрігінің портретін поэзия тілімен сомдаған.
Міне, Жиенбай жырау өз ортасында өте беделді және қадірлі болуы оның тектілігінде. «Үш жүзге мәлім» дейтін сөзге дәлел, Бұхар жыраудың ұрпағы Жүнісбек Жолдинов Павлодарлық қарт ақын Жамбылдың - 125 жылдық мерейтойында риза болып, немересі Көшенейге айтқан арнау өлеңінде;
Жырлағанда Жиенбай,
Құлақтың құрышын қандырған.
Өрен өнер өшпепті,
Ұрпағына қалдырған- деп Жиенбай жыраудың және Рүстембек жырауды көріп қана қоймай алқалы жиында мәжілісінде бірге болған. Таңды- таңға ұрып жырлайтын жырауларды еске ала келе, немересі Көшенейге бата береді.
Жыраулық туын көтеріп,
Көшті баста Көшеней,
Саған біз арттық сенімді- деп үлкен үміт артқан.
Сыр бойылық ақын Кенжеқожа Құлмырзаев жыр жолдарында:
Жоғары жатқан Дулатта,
Өзбек бабам, Қарт бабам.
Әкімгерей , Нұралы,
Жиенбай жырау мақтаған- деп, Жиенбайдың жырауларға баға беріп, беделдерінің артуына ықпал жасағанын көрсетеді. Осындай тарихи тұлғаның біздің өлкемізде туғанын мақтаныш ете отырып, келешек ұрпаққа өмірі мен шығармашылығына насихаттап, дәріптеу - біздің абыройлы міндетіміз.