Facebook WhatsApp Instagram

Саясат

0

Аудан орталықтарын газдандыру басталды

Аудан орталықтарын газдандыру басталдыБүгінгі таңда облыстағы елді мекендер тұрғындарын батыстан құбыр арқылы келетін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін оларды «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырына қосу, яғни аймақты газдандыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда.
Жалпы ұзындығы 1143 шақырым болатын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағынан өтеді. Стратегиялық маңызды жобаның екінші кезеңі биылғы 2015 жылы аяқталады деп күтілуде. Жобаның мақсаты – тұрғындар тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік облыстарын түгел газдандыру.
Жалпы, Сыр өңіріндегі барлық елді мекендердің 85 пайызы осы «Бейнеу-Бозой» газ магистралінің бойында орналасқандықтан газдандыру мәселесі таяу уақытта оң шешімін табады деуге негіз бар.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықовтың айтуынша, 2015-2017 жылдар аралығында облыс халқының 70 пайызын табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Мәселен, 2013 жылы осы мақсатқа облыстық бюджеттен 569,5 млн. теңге қаражат қаралып, оған 4 техникалық-экономикалық негіздеме және 10 жоба-сметалық құжаттамалар дайындалды. Олардың 4 техникалық-экономикалық негіздемесі мен 8 жоба-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Сонымен қатар, облыс әкімдігі мен «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ арасында жасалған меморандумға сәйкес, аталған компания аймақты газдандыру ісіне 23 млрд. теңге көлемінде инвестиция салып отыр. Бұл қомақты қаражатқа аймағымыздағы 4 аудан орталықтарына, атап айтқанда Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған кенттері мен Байқоңыр қаласына автоматтандырылған газ тарату стансаларының құрылысы мен кварталішілік газ құбырларын салу жұмыс­тарын жүргізу келісілген.
Сонымен қатар, үстіміздегі жылы қала іргесіндегі Талсуат ауылдық округін және осындағы 3 әлеуметтік нысанды газдандыру үшін республикалық бюджет есебінен 271, 2 млн. теңге қарастырылуда. Бұған қоса, алдағы 2016 жылы Қызылорда қаласында бұрын газ құбырына қосылмай қалып қойған тұрғын үйлерге газ жеткізу жоспарланып отыр. Ал, Қарауылтөбе, Белкөл кенттерін газбен қамтамасыз етуге бюджеттік өтінімге ұсыныс берілген. Мамандардың айтуы бойынша, осы бағытта мақсатты жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, облыстық бюджеттен қаржыландыруға тағы 6 жоба-сметалық құжаттама әзірлеу үшін 2015 жылға 345 млн. теңге қаражатқа бюджеттік өтінім ұсынылған.
Осы тұста, өткен жылдың соңында облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Төретам кентінен 14 шақырым жерде «Байқоңыр» АГРС құрылысының іргетасын қалау рәсіміне куә болғанымызды айта кетейік.
Мамандардың айтуынша, І кезеңде облыс аумағына орнатылатын қалған 8 авто­маттандырылған газ тарату стансаларының құрылысын салып, елді мекендерді газдандыру жұмыстарын республикалық бюджет есебінен 2015-2017 жылдар аралығында жүргізу жоспарланып отыр.
Бұған қоса, ағымдағы жылы Жосалы және Сексеуіл кенттерінде салынатын АГРС-тер құрылысының жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін облыстық бюджеттен 113,9 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп, бүгінгі күні жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Өздеріңіз білетіндей, Өңірлік даму министрлігімен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, қала іргесіндегі екі қонысты газдандыру ісі өткен жылы басталды. Қазіргі күні аталған қоныстарда кварталішілік газ құбырларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Қызылжармада газдандыру жұмыстарын «ДС-Тас» ЖШС атқаруда. Мердігер компаниялар келісім-шарт бойынша аталған құрылыс-монтаж жұмыстарын 2015 жылдың желтоқсан айында аяқтауы тиіс. Мамандардың есебінше, сол кезде Тасбөгет кентіндегі 13 мың, ал Қызылжарма ауылындағы 8 мың тұрғын «көгілдір отын» игілігін көретін болады. Орайлы тұста, аталған қос қоныстың шет аймақтарын газдандыруға 2014 жылы республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңге қаржы бөлінгенін еске сала кетейік. Ал, биылғы жылы осы аталған жұмыстарды аяқтауға ел қазынасынан тағы 806,4 млн. теңге қаржы қарастырылып отыр. Бұл – былтыр басталған шет аймақтарды газдандыру ісі жалғасын табады деген сөз.
Сонымен, аймақтағы өзге елді мекендерді газдандыру мәселесі Қызылорда облысын кешенді газдандыру бағдарламасының бірінші кезеңінде, яки алдағы 2 жылда толықтай шешіледі.
Жаңа магистраль бойынша тасымалданатын газды енді Сыр өңіріндегі жергілікті тұрғындар да кеңінен пайдалана алады. Ол үшін аталған магистральды құбырдың бойындағы барлық елді мекеннің тұрғындарына газ және газбен жабдықтау нарығында өзіндік орны бар «ҚазТрансГаз» компаниясы алдымен автоматтандырылған газ тарату стансаларын (АГРС) орнатып, бұған қоса ауыл-кварталішілік газ құбырлары желісін жүргізу жұмыстарын атқарулары тиіс.
 
Дәуіржан Елубаев
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: