"Арал теңізі" теміржол вокзалында аудан халқы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған "Менің Қазақстаным" үгіт- насихат пойызын күтіп алды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары салтанатты рәсімде шашу шашып , пойыз мүшелеріне арнау айтты.
Қонақтарды аудан әкімі бастаған топ және ардагер ағалар қарсы алып, өңір басшысы Абзал Мұхимов меймандарға оң сапар тіледі: "Құрметті қонақтар! Биылғы Қазақстан халқы ассамблеясы жылына байланысты шыққан мерекелік пойыздың ауданға келуін аралдықтар болып зор ықыласпен күттік. Өйткені ел бірлігі – барша қазақстандықтар үшін аса қасиетті құндылық. Елбасымыз айтқандай, «Біз – тағдыры ортақ, бірлігі жарасқан біртұтас елміз!».Еліміздегі халықтар бірлігі қарсаңында келген қадамдарыңызға нұр жаусын! Қазақстан халқының Ассамблеясы жылына орай киелі Арал өңіріне қош келдіңіздер!" - деп игі тілегін білдірді. "Пойызымызда бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейтін адамдар келді. Биылғы жыл - Ассамблея жылы. Биылғы жыл - бірлік жылы.Қазақ халқының өмірлік тәжірибесінде «бірліктің» маңызы зор. Бірлік пен ынтымақты қазақ халқы - ең қымбат қазына деп қастерлеген. Сондықтан да біз біріншіден Сыр өңіріне Қазақстан халқы Ассамблеясын насихаттауға, екіншіден делегат болып Арал халқына қызмет етуге келдік" - деді үгіт пойызының директоры Ғазиз Төлебаев.
«Менің Қазақстаным» акциясы аясында Ұлттық кітапхана қызметкерлері аудандық кітапхана қорына елбасымыз Н.Назарбаевтың хроникалық томдары, әлемдік классиктерінің көркем әдебиеті, «Жерұйық» сериясымен шыққан шежірелер, этнографиялық кітаптар, этносаяси сөздіктер энциклопедиялар , қазақтың мақал-мәтелдер жинағын сыйға тартты.
Кездесу барысында кітапхана қорына келіп түскен кітаптармен көрме ұйымдастырылып, әдебиеттерге жалпылама тоқталды. «Мәңгілік ел» Мемлекеттік бағдарламасына жалпы сипаттама ретінде слайд көрсетілді.
Ұлттық кітапхана директорының орынбасары Гауһар Бөкейханова Президент Н.Назарбаевтың «2050 Стратегиясы» Қазақстан халқына Жолдауын түсіндірді. Қазақстанның халықаралық аренадағы табыстары, елімізде өткізіліп отырған экономикалық реформалардың оң жетістіктері мен Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегін жан-жақты тарқатып айтты. Өзге де кітап жинақтарының тарихына қысқаша шолу жасап, сипаттама бере отырып оқырмандардың қызығушылығын арттырды.
Денсаулық – зор байлық. Қоғамды өркендететін де – дені сау адамдар. Сондықтан Елбасы адам денсаулығын сақтауға әрдайым аса мән беріп келеді. Осы орайда пойыз құрамындағы 20 білікті дәрігер-мамандар аудандық емханада пациенттерді қабылдады.
Білікті дәрігерлердің мәлімдеуінше, Арал ауданында денсаулық сақтау саласы жақсы дамығанын, әсіресе дәрігерлердің құрамын баса айтты. Көп жерлерде жетіспейтін кардиолог, көз дәрігерлері, соның ішінде балалар көз дәрігерінің ауданымызда жұмыс жасауы медицина саласының жақсы жолға қойылғандығын көрсететінін айтты. «Менің Қазақстаным» пойызы құрамында келген дәрігерлер Астана мен Алматы қалаларындағы ғылыми зерттеу орталықтары мен институттарының білікті мамандары, медицина ғылымдарының докторлары мен доценттері. Ірі қалалардан келген білікті дәрігерлермен өзіміздің аудандық емхана дәрігерлері тәжірибе алмасып, олардың жұмыс жасау схемаларымен танысты.