Facebook WhatsApp Instagram

Саясат

0

Қызылорданың инвестициялық мүмкіндігі артып келеді

Қызылорданың инвестициялық мүмкіндігі артып келеді

 

«Қызылорда облысының жаңа инвестициялық стратегиясы» тақырыбында V «Байқоңыр» инвестициялық форумның пленарлық мәжілісі өтті. Бұл басқосу Қызылорда облысының экономикасына отандық және шетелдік инвестициялар тарту арқылы индустриалды, туристік және аграрлық салаларды дамытуды көздейді.
Жиынға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Рау, «Бәйтерек» ҰБХ» басқарма төрағасы Қуандық Бішімбаев, ЕҚҚДБ-ның Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джанет Хэкман, Ресейдің білікті ғалымы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Абел Аганбегян мен отандық және шетел инвесторлары, кәсіпкерлер қатысты. Бұл жолғы форумға әлемнің 19 мемлекетінен қаржы институтары, бизнес өкілдері келді. 
Алдымен аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев осыған дейін өткізілген төрт форумның нәтижесін айтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталды. 
- Ғарыш айлығында болып, зымыранның қалай ұшқанын тамашалап, түркітілдес елдердің тәу ететін Қорқыт ата мемориалды кешенін көрдіңіздер. Бұл туристік артықшылықтарымыз. Бұған дейінгі форумдардың нәтижесі жаман емес. Инвесторлардың барлығы өңірге ағылмағанымен, аймақтың артықшылықтарына көз жеткізгендер келе бастады. Бізбен әріптестік байланыста жұмыс жасап жатқандардың қатары артты, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Жалпы, Сыр өңірі инвесторлар үшін қолайлы аймақ. Өткен жылы құрылысы аяқталған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралдың және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәліздің бойында облыс халқының 93 пайыз тұрғыны тұрады. Тоғыз жолдың торабындағы аймақта инвесторлар үшін бар жағдай жасалған. 
ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Рау индустриаландыру бағдарламасының орындалуына тоқталды. 
– Осыдан 5-6 жыл бұрынғы жағдаймен қазіргіні салыстыруға болмайды. Бағдарламаның бірінші бес жылдығы дағдарысқа сәйкес келгенімен, нәтижелі жүзеге асты. Қызылорда металлургия саласын дамытуды қолға алып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарға кірісіп те кетті. Өңірде өндірісті өркендетуге мүмкіндік мол. Мұнда жер асты қазба байлықтары да жеткілікті, - деді Альберт Рау.
Қызылорда облысы Еуропалық қайта құру және Даму банкімен (ЕҚҚДБ) жалпы құны 63 миллиард теңгені құрайтын 8 жобаны жүзеге асыруда. Бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын ЕҚҚДБ-ның Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джанет Хэкман атап өтті.
Ал Ресейдің білікті ғалымы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Абел Аганбегян Қызылорда облысының даму қарқыны таңғалдырғанын айтты. 
– Өз басым 30-40 жылда біраз мемлекетте стратегиялық даму жоспарын жасаумен айналыстым. Соның ішінде Қызылорда облысын ерекше атағым келеді. Үш жыл бұрын облыс республикада 16 аймақтың соңында тұрды. Содан білекті түріп іске кірістік. Жергілікті билікке риза болғаным барлығы бұған мүдделі екендіктерін аңғартты. Мағанда жұмыс жасауға ыңғайлы болды. Нәтижесін көріп отырсыздар. Қазір аймақ үздік үштікте. Әлеуемттік салаға қаржы бөлу жөнінен алдыңғы орында. Соңғы екі жылда 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынды. Шынын айтайын, бұл бағыт-бағдарды айқындап алғанның арқасы. Өз тәжірибемде аз уақыттың ішінде мұндай нәтиже көрсеткен бірде-бір аймақ болған емес, - деді Абел Аганбегян.
Осы форумға дейін 49 меморандумға қол қойылған болатын. Ал V Байқоңыр инвестициялық форумында тағы 10-ға жуық келісім шарт жасалды. Бұл құжаттың барлығы өңірге инвестиция тарту, туризимді дамытуға мүмкіндік береді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: