Бүгін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының кезектен тыс Саяси кеңесінің Бюро отырысы өтті. Саяси ұйымның жиынында өңірде әртүрлі салада табысты еңбек етіп жүрген азаматтар партияға мүшелікке қабылданды.
Саяси кеңес Бюро отырысында 6 мәселе қаралды. Негізгісі «Агробизнес-2020» бағдарламасының аймақта жүзеге асырылу барысы. Сыр өңірі халқының 64 пайызы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, бұл саланы дамыту күн тәртібінен түскен емес. Соңғы 3 жылда ауылшаруашылық саласына бөлінетін қаржы 7 есеге артқан.
– Өздеріңіз байқағандарыңыздай, ауыл шаруашылық саласына аса мән беріп отырмыз. Биыл буферлік аймақтан шықсақ, ет өнімдерін экспорттауымыз қажет. Оған мүмкіндік жеткілікті, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Аймақта қолға алынған тағы бір ауқымды жұмыс – әртараптандыру шаралары. Яғни, бүгінгі күнге дейін негізгі дақыл саналатын күріш көлемін мұнан артық ұлғайтпай, өзге де өнімдерді өсіру. Ол үшін арнайы Жол картасы қабылданып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Сондай-ақ, бас партия жанынан Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес құрылды. Кеңес өңірде шағын және орта бизнесті дамыту үшін күш салмақ. Басқосуға қатысқан депутаттардың ұсынысы бойынша аймақ басшысы аз қамтылған отбасыларға газдандыру жұмыстары кезінде қолдау көрсетуге бағытталған арнайы әлеуметтік жоба әзірленетінін жеткізді.
Жиын соңында партияның белсенді мүшелеріне облыс әкімі «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медальдарын табыстады.