БИЫЛ СЫРДАРИЯНЫҢ СОЛ ЖАҒАЛАУЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ МӨЛТЕК АУДАН АШЫЛАДЫ
Жыл соңына дейін Сырдарияның сол жағалауындағы алғашқы мөлтек аудан ашылады. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халықпен есепті кездесуінде мәлімдеді.
«Қазіргі кезде мұнда 320 орындық балабақша, «Болашақ» университетінің кампусы мен жастар ресурстық орталығының құрылысы жүріп жатыр, неке қию сарайы салынады. Ең бастысы, 2017 жылы алғашқы 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастадық. Сол жағалаудағы бірінші мөлтек ауданды биыл пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз»,- деп мәлімдеді аймақ басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, қазір жаңа қалада Рухани жаңғыру орталығының құрылысы жүріп жатыр. Нысан 1925 жылы ұлтымызға қазақ атауы берілген тарихи шешім қабылданған Қазақ атқару комитеті ғимаратының сызбасы негізінде бой көтереді.
Бүгін, 2018 жылдың 14 ақпанында Н. Бекежанов атындағы театрда Қырымбек Көшербаевтың халықпен есепті кездесуі өтіп жатыр. Аймақ басшысының есепті жиынына ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілі Н. Тлешов, Премьер-Министр кеңсесінің өкілі С. Кизат, Ішкі істер министрі Қ. Қасымов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғ.Абдрахимов, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, өңірдегі 264 елді мекен тұрғындары, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық кеңес, еңбек ұжымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуда.
Есепті кездесудің тікелей трансляциясы «Facebook» және «Youtube» желілеріндегі «Қызылорда облысының әкімдігі» ресми парақшалары арқылы көрсетіліп жатыр.