Facebook WhatsApp Instagram

Саясат

0

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ПОЙЫЗЫ ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНА КЕЛДІ

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ПОЙЫЗЫ ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНА КЕЛДІҚазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай жасақталған «Мәңгілік ел» пойызы Қазалы ауданына келіп тоқтады. 
Қазалы жұрты теміржол вокзалында пойызды ерекше салтанатпен қарсы алды. Қонақтарды күтіп алу салтанатында аудан әкімі Нажмадин Шамұратов: "«Мәңгілік ел» пойызының ауданымызда болуы - біз үшін үлкен мәртебе. Сондықтан, бүгінгі сапарларыңызға сәттілік тілеймін!" - деді. 
Пойыздың құрамында министрлік пен мекеменің мамандары, медицина қызметкерлері, этностық-мәдениет бірлестігінің басшылары, дамыту қаржы институттары мен ғалымдар болды.
Сала мамандары түрлі шара өткізіп, тұрғындармен кездесті.
«Мәңгілік ел» пойызымен бүгін Қазалы ауданына келген республикалық ғылыми орталықтардың медицина қызметкерлерінен құралған тағы бір топ аудандық емханада тұрғындарды тегін қабылдап, кеңес берді.
Алдын ала хабардар болған тұрғындар білікті мамандардан кеңес алу үшін ауылдардан да келді. Қабылдау барысында науқастарға тегін ем алу мен операция жасату үшін Алматы, Астана қалаларына жолдамалар да берілді.
Қазалы ауданына келген «Мәңгілік ел» пойызының мүшелері кәсіпкерлер палатасында да жергілікті тұрғындармен кездесті. Топ құрамындағы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің өкілдері кәсіпкерлермен, өз ісін бастауға ниетті азаматтармен кездесіп, мемлекеттік бағдарламалар туралы тегін қабылдау жүргізді. Топ құрамындағы бухгалтерлер, маркетологтар, заңгерлер тұрғындардың «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының тетіктері, субсидиялау, жеңілдікпен несие алу, кепілдеме алу мен мемлекеттік сатып алу сынды мәселелерге қатысты сұрақтарына жауап берді.
"Мәңгілік ел" пойызының мүшелері Қазалы ауданында ашылған "Әлеуметтік дүкенге" келіп, өз үлестерін қосты. Айта кетейік, биыл алғаш рет тойланған «Алғыс айту» күнінде Қазалыда көмекке мұқтаж азаматтарға киім-кешек түрлер тегін таратылатын дүкен ашылған болатын. Ерекше сауда орындарындағы тауарлар ақшаға емес, адамның бір ауыз алғысы үшін беріледі. "Әлеуметтік дүкен" жыл соңына дейін жалғаспақ.
Қазалы ауданына жеткен «Мәңгілік ел» пойызының мүшелері ауданның көрікті жерлерін аралады. Алдымен Жанқожа батыр кесенесінде болып, баба рухына тағзым етті.
«Мәңгілік ел» пойызының мүшелері Шығыс жастарының жалынды жетекшісі болған Қазалының тумасы Ғани Мұратбаевтың мұражайына барып, ондағы экспонаттармен танысты.
«Мәңгілік ел» пойызының мүшелері аудандағы іргелі кәсіпорындардың бірі «РЗА» АҚ болып, ірі қараны өсіру және сүт өнімдерін өндіру бойынша жұмыстарын көріп, тыныс-тіршілігіне қанық болды.
«Мәңгілік ел» пойызының мүшелері германдық қуатты әрі тиімді қондырғыларымен жабдықталған «СПК Қызылорда балық» серіктестігінде болды. Мұндағы көксерке балығының өңделу тәсілдерін көріп, зауыт жұмысына сәттілік тіледі. 
Тарихи өлке Қазалыда болғандықтарына қуанышты екендіктерін айтқан пойыз мүшелері ауданда кәсіпкерліктің де өте жақсы дамығандығын байқағандықтарын жеткізді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: