Биыл Қазақстан халқы бірлігі күні төтенше жағдайға байланысты барлық карантин шараларын сақтай отырып өткізілуде. Бұл бағыттағы шаралар онлайн-форматта әлеуметтік желілер мен блог-платформалар мүмкіндігі арқылы ұйымдастырылып отыр. Атаулы күнде 400-ге жуық іс-шара жоспарлаған. Олар ақпараттық, ғылыми-танымдық, қоғамдық-мәдени бағытта жүргізілді. Мейрам қарсаңында YouTube сайтында «Сыр бірлігі» каналы ашылды. Онда «Жасампаз 25 жыл», «Татулық тұғыры», «Сырлы сұхбат», «Таным сағаты» және «Біз біргеміз» тақырыптық бөлімдері бар. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының каналында бірлік, келісім мен достық жайында қызылордалықтардың ізгі лебізі көпшілік назарына ұсынылады.
Сондай-ақ, бірлік мерекесінде көпшілік Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіндегі «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан» оқу-көрме залында «Тұңғыш Президент жолымен» жобасы бойынша ұйымдастырылған виртуальды экскурсияны тамашалауға болады.
Мерейлі мереке күнінде республикалық «Biz birgemiz» акциясы жалғасын тапты. Акцияға «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының және Қазақстан халқы ассамблеясы белсенділер тобы атсалысты. Белсенділер карантин талаптарын сақтай отырып тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратты.
1 мамыр мерекелік шарасы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың видеоқұттықтауымен ашылды. Әрбір сағатта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары, зиялы қауым өкілдері, Олимпиада, әлем және Азия біріншілігінің жеңімпаздары, аймақтың жетекші өнеркәсіп орындары еңбеккерлері, этномәдени бірлестік өкілдерінің құттықтаулары, тақырыпқа сәйкес видеороликтер, ақпараттық материалдар орналастырылды.
Жергілікті телеарналарда этнос өкілдері жайында отандық кино мен деректі фильмдердің үздік туындылары ел назарына ұсынылуда. Онда этнос өкілдерінің қазақ халқымен бірге аштық және саяси репрессия, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қиындықтарды қалай жеңіп шыққаны жайында қамтылған.
Жұртшылық Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығы, Жеңіс мерекесінің 75 жылдығына арналған онлайн-дәрістер тыңдай алады. «Бірлік пен келісім» тақырыбы бойынша онлайн-сабақтар мен тәрбиелік шаралар, этнос өкілдерінің ұлттық аспаптар арқылы орындауымен классикалық және халықтық шығармалардың виртуалды көрсетілімі халық назарына ұсынылды. Сондай-ақ, онлайндық жүйеде Қызылорда облысының белгілі артистері мен көркемөнерпаздар ұжымы Абай әндері мен патриоттық шығармалардан туындылар орындайды.
Бұдан басқа «Шәмші әндері – Сыр елінде», «Ел бірлігі – халықтар достығы», «Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені» атауымен кітап көрмесі, «Татулық тірегі – Сыр елі» деректі онлайн-көрме, «Берекеміз – бірлікте» поэзия сағаты, балалар арасындағы «Бейбітшілік – балалар көзімен» тақырыбындағы сурет конкурсы, оқушылар арасында «Бейбітшілік пен келісім» эссе жазу байқауы өткізілуде.
Облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Қахар Дадашевтің қатысуымен белсенділер Қызылорда қаласында орналасқан блок-бекеттерде қызмет атқарып жүрген әсери қызметкерлер, медицина мамандарына өзбек асханасы бойынша дайындалған мерекелік түскі ас ұйымдастырды.