Қызылордада Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған бесінші республикалық турнир өтуде
«Мұз айдыны» кешенінде мәнерлеп сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған бесінші республикалық турнир өтуде.
– Менің атымда мұндай жарыстың болуы өзім үшін үлкен мақтаныш. Турнир жоғары деңгейде өтуде. Республикамыздан келген қатысушылардың дайындығы да, өнер көрсетуі де ұнады. Ең бастысы, осындай турнирлер арқылы спортшылар өздерін шыңдап, еліміздің атын әлемге әйгілі етсе екен деймін. Жалпы, осы доданың өтуіне қолдау көрсеткен әрі мен үшін жанкүйер болып жүретін жерлестеріме айтар алғысым шексіз, – деді Элизабет Тұрсынбаева.
Аталмыш турнирге еліміздің 10 қаласынан 200-ден астам спортшы келді. Бұрынғы турнирден ерекшелігі, бұл жолғы дода да спорт шеберлері де бақ сынайды. Бүгінде облысымызда 60-қа жуық бала мәнерлеп сырғанаумен айналысса, бұл турнирге аймақ атынан онға жуық спортшы қатысуда.
– Өңірімізде мәнерлеп сырғанау спорты дамып келеді. Ал оған Элизабет секілді ел мақтанышы сүбелі үлес қосары анық. Мен кәсіпкер ретінде мұндай турнирлерді қолдауға дайынмын. Себебі алдағы уақытта Сыр жастары арасынан еліміздің намысын халықаралық ареналарда қорғайтын дарынды спортшылар өседі деп сенемін, – деді облыстық коньки спорты федерациясының президенті Мағжан Ералиев.