Қызылордада «Қайсар» футбол клубының ұйымдастыруымен балалар арасындағы басталды. Барлығы сегіз команда бақтарын сынап жатқан доданың бүгін бірінші күні өтті.
Балаларды қорғау күніне орай 2005 жылғы жеткіншектер арасында өтіп жатқан жарысқа Қызылорданың үш командасынан бөлек, Шымкент екі командасын жіберген. Сондай-ақ, Тараз, Ақтөбе, Павлодар қалалары да бар. Әсіресе «Ақтөбе» мен «Ертіс» футбол орталықтарының жеткіншектері мықты екен. Павлодарлықтардың жаттықтырушысы Руслан Гумардың айтуынша, балалардың футболмен айналысып жүргеніне үш жылдан асыпты. Дегенмен, Қызылорданың командасы да қара жаяу емес. Ғалымжан Үмбетбаев жаттықтыратын 2005 жылғы жеткіншектер өте тартысты өткен матчта «Ордабасы» футбол орталығының балаларын 2:1 есебімен тізерлетті.
Енді ертең командалар «Локомотив» стадионында екінші ойындарын өткізеді. Ал жарыс 31 мамырға дейін жоспарланған.
Талғат Сыздықов, «Қайсар» футбол орталығының жетекшісі:
-Шақыртуымызды қабыл алып, Қызылордаға ат шаптырып келген командаларға алғыс айтамыз. Сегіз команда екі топқа бөлініп, үздіктерді анықтауда. Бас жүлдеге тек топ жеңімпаздары ғана таласады. «Қайсар» футбол орталығы турнирге екі команда шығардық. Бірі 2005 жылғы жеткіншектер болса, екіншісі 2005 және 2006 жылғы балалардан құралған аралас команда.