Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Облыста 13 мыңнан астам адам спортпен тұрақты түрде шұғылданады

Бүгінде өңір халқының 13 мыңнан астамы спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Бұқаралық спортты дамытып, халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігін арттыру мақсатында биыл тағы 5 спорт кешені «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтермек. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов мәлімдеді.
Сонымен қатар сала басшысы «Самрұқ» корпоративтік қорының демеушілігімен Қызылорда қаласына қарасты Ж.Махамбетов ауылдық округінен көпфункционалды спорт кешені салынатындығын жеткізді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы «Нұрсәт» теннис орталығының 4 жабық теннис кортының және байдарка, каноэде есу базасының құрылыстары  аяқталғандығын атап өтті. 
Брифингте Жақсылық Әбдімәлікұлы аймақтағы бұқаралық спортты дамытумен қатар бәсекеге қабілетті, біліктілігі жоғары спортшыларды әзірлеу жұмыстарының барысын да баяндады. Хабарлауынша облыс бойынша балалар мен жасөспірімдердің 7604 спорттық секцияларына 100 893 бала қамтылған. Оның ішінде, балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріндегі 1612 спорт секцияларда 17157 бала, спорт клубтарындағы 2276 спорт секцияларда 9241 бала, жалпы білім беру мекемелеріндегі 3716 спорт секцияларда 74495 бала 47 спорт түрімен тегін шұғылданады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, облыс спортшылары ҚР чемпионаттары мен кубоктарында 700 (211 - алтын, 208 - күміс, 281 - қола) медальды жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаттарында 47 (20 - алтын, 5 - күміс, 22 - қола) медальға қол жеткізген.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: