Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

«Астана Арланс» – «Russian Boxing Team» жартылай финалының 1 күні аяқталды

«Астана Арланс» – «Russian Boxing Team» жартылай финалының 1 күні аяқталдыБүгін елордадағы «Дәулет» спорт кешенінде «Астана Арланс» ресейлік «Russian Boxing Team» құрамасымен кездесті, деп хабарлайды Хабар телеарнасы. 
Жартылай финалдың 1-ші күнінде 5 жұп қолғап түйістірді.  Шаршы алаңға алғашқы болып алдымен 49 кг салмақ дәрежесіндегі Теміртас Жүсіпов пен Вадим Кудряков шықты. «Астана Арланс» боксшысы Теміртас Жүсіпов өзінің өршілдігімен, шеберлігімен қарсыласын қапы қалдырды. Отандасымыз әріптестеріне жеңісті біртабан жақындатты. Есеп: 1:0.   Екінші кездесуде «Астана Арланс» боксшысы Қайрат Ералиевтің қарсыласы Андраник Григорян болды. Боксшылар 56 кг салмақ бойынша қолғап түйістірді. Қайрат ел үмітін ақтады. Ол қарсыласына есе жібермей, ел еншісіне 2-ші жеңісті жеткізді.  «Астана Арланстың» мақтанышына айналған боксшылардың бірі, команда капитаны – Самат Бәшенов. Ол бокс алаңында «Russian boxing team» құрамасының боксері Авак Узлянмен жұдырықтасты. 64 кг дейінгі салмақта жекпе-жекпе шыққан Саматтың қарсыласы Авак Узлян да осал емес екен. Ол да өз командасының мақтанышы көрінеді. Дегенмен Самат серіктесіне әр раунд сайын өзінің мықтылығын паш етті. Талай мықтымен жұдырықтасып, өзгелерден озып шыққан Самат бүгінгі кездесуде Авак Узлянді жеңді. Есеп: 3:0.  Шаршы алаңға 75 кг салмақ дәрежесі бойынша шыққан отандасымыз, бокс «әліппесін» 10 жасында меңгерген Мейірім Нұрсұлтановтың қарсыласы Сухроб Сидиков болды. Мейірім бокстың әдіс-тәсілдерін шебер меңгерген боксшы. Ол бүгінгі бокста жанкүйерлеріне мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Мейірім де «Астана Арланстың» қоржынына тағы бір жеңіс қосты.  91 кг дейін салмақ дәрежесінде боксшымыз Василий Левит Виталий Кудуховпен кездесті. 7 бірдей жекпе-жекте қарсыластарын тас-тұлқан еткен боксер В.Левитке қарсыласын жеңу қиынға түспеді. Жекпе-жекте Василий 5-ші жүлдені қанжығасына байлады.  Жартылай финалдың бірінші күні осылай аяқталды. Естеріңізге сала кетейік, «Астана Арланс» – «Russian Boxing Team» жекпе-жегі ертең жалғасатын болады. Ертең  сағат 17.15-те «Хабар» арнасы теңдессіз жекпе-жектің екінші бөлімін тікелей көрсетілім арқылы көрсетеді. Қапы қалмаңыздар!



Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: