Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Қызылордада жаңа стадион салынады

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Достық үйінде өткен салтанатты жиында Сырдың бас командасы «Қайсар» футбол клубының биылғы маусымдағы күміс жүлдесі мен жоғарғы лигаға жеңіп алған жолдамасымен құттықтап, ыстық ілтипатын білдірді.


Іс-шарада аяқдопшылардың алаңдағы ерекше сәттеріне арналған бейнешолу ұсынылып, жанкүйерлерге керемет көңіл-күй мен жарқын жеңістер сыйлаған «Қайсар» командасының ойыншыларына қошемет көрсетілді.
Клуб құрамын айтулы жетістіктерімен құттықтай келген аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев кәсіби футболшыларға қарап, бой түзеген жастардың саны артқанын алға тартып, келер жылы уәде еткен қалада жаңа стадионның құрылысы басталатынын жеткізді.  
- Биыл облыстың бас командасы – «Қайсар» футбол клубы маусым басында алға қойған міндеттерін орындап, Премьер-лигаға жолдама алды. Осы мақсатта аянбай тер төккен футболшылар мен бапкерлерге алғысымды айтамын.
Әрине, жоғары жетістік оңай келмейтіні анық. Мұндай мерейлі мүдде жолында Сыр мақтанышы, доп додасының дарабозы Мақсат Байжановтың мол тәжірибесі мен жаттықтырушылардың біліктілігін бағалауымыз тиіс.
Мен өткенде «Қайсар-Жетісу» кездесуінен кейін жанкүйерлерге «Қайсар» командасының заманауи стадионын салуға уәде берген болатынмын.
Ресейдің Краснодар қаласында былтырғы жылы 12 миллион долларға аз уақыттың ішінде 10 мың орындық жабық стадион салынған екен. Келесі жылы, біз де демеушілер көмегімен сондай еңселі жаңа стадион салуға ниеттіміз.
Қазіргі таңда жаңа стадион құрылысына демеуші ретінде «Саутс Ойл» компаниясы ынтасын білдіріп, жобалау жұмыстары атқарылуда. Алдағы жылы жаңа стадион құрылысын бастаймыз, – деді облыс әкімі Н.Нәлібаев.
Аймақ басшысы биылғы маусымда «Қасқырлар» сапында ерекше көзге түскен, команданың сұрмергені Мамаду Диалланың да ойын өрнегіне ризашылығын білдіріп, жетістіктеріне арнайы тоқталды.  
Іс-шарада клубтың жеңісіне тілектес болып, тарихи сәттеріне куә болған фанаттарына арнайы «Құрметті жанкүйер» бейджі табысталып, «Қайсар» футбол клубының ұжымы марапатталды.
Айта кетейік, аймақ басшысы бұған дейін «Қайсардың» өз алаңындағы соңғы ойынына арнайы барып, Сыр мақтанышы, доп додасының дарабозы Мақсат Байжановтың мансабын аяқтау рәсімінде спортшыға арнайы алғысын білдіре, су жаңа көлік кілтін табыстаған болатын.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: