Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Мұз үстінде қарлығаштай қалықтап…

Айнадай жалтыраған мұз айдыны. Әуелей шырқалған әуен. Мың бұрала билеген мәнерлеп сырғанаушылар. Көз алдымызға сонау бір шақтан қалған осы көрініс келе береді. Жұмыр жердегі жампоздар дәлдікті, жинақылықты, әбжілдікті қажет ететін мәнерлеп сырғанаудан сайысқа түсіп жатқанда «Осындай биіктен қазақ баласы қашан көрінеді? деген сауал көкейде тұратын.


Бұл арманымызға беріде қол жетті. Ал Қызылордада ол кейінгі жылдары көкжиегін кеңейте түсті. Элизабет Тұрсынбаева сан алуан сайыста жеңіс тұғырына көтерілді. Жергілікті жерде мәнерлеп сырғанауға мән берген жас өрендердің қатарының көбеюіне игі ықпалын тигізді.
Облыс орталығында бой көтерген «Мұз айдынына» қазір келушілер саны аз емес. Олардың қатарында жастайынан мәнерлеп сырғанауға қызыққан балалардың басым болғаны қуантады. Тәжірибелі маманнан тәлім алған өрендер көптеген сайыста алдыңғы лектен көріне бастады. Бұл – ұзақ жылдар бойы жасалған жұмыстың жемісі.
– Қызылордада қыс қатал бола бермейді. Сондықтан қысқы спорт түрлері кенжелеп қалған еді. Арнайы кешен салынып, онда жастарға сергектікті серік етуге жағдай жасалды. Алғашқыда «Мәнерлеп сырғанаудың дамуы қалай болар екен?» деген сауал туындағанын жасыра алмаймыз. Білікті бапкерді қызметке шақырдық. Уақыт өте келе жас өрендердің қатары көбейді. Қай жұмыста да нәтиже бірден көрінбейді. Жоспарымыз бірден жүзеге аса қойған жоқ. Десе де қызылордалық спортшылардың өзге өңірдегі қарсыластармен терезесі тең деңгейде ойын көрсетіп, жоғары жетістікке жетуі негізгі мақсатымыздың орындалып жатқанын айғақтайды, – дейді облыстық коньки тебу федерациясының бас хатшысы Байтақ Тұрсынбаев.
Мәнерлеп сырғанау спортының тарихы терең. Ол алғаш рет Ұлыбританияда пайда болған. Сайыс 1763 жылы Лондонда тұңғыш рет өткізілген, 1742 жылы Шотландия астанасы Эдинбург қаласында жас өрендерге тәлім беретін клуб тұсауын кескен.
Қазір мәнерлеп сырғанаудың жекелей, жұптасып, топтасып сырғанау және мұздағы би түрлері бар. Үш түрі Олимпиада бағдарламасына енгізілген, Канада, АҚШ, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея сынды мемлекеттерде мәнерлеп сырғанау кеңінен қанат жайған.
Елімізде мәнерлеп сырғанаудан алғашқы жарыс 1957 жылы өтті. Қазақстандықтар арасында жұптасып сынға түсуден Е.Стекольникова мен Д.Казарлыга 1996 жылы Харбинде өткен III Қысқы Азия ойындарында алтын, ал 1996 жылы Оңтүстік Кореяның Кангвон қаласында өткен IV Қысқы Азия ойындарында М.Халтурина мен Е.Крюков күміс жүлдені еншіледі. Қазір мәнерлеп сырғанаушылар үйірмелері Алматы, Астана, Орал, Ақтөбе, Теміртау, Қарағанды, Өскемен, Қызылорда қалаларында жұмыс істейді. 2014 жылы 15 ақпанда Сочидегі Қысқы олимпиадада Денис Тен Қазақстан тарихында тұңғыш рет қола медаль жеңіп алды.
– Мәнерлеп сырғанау – спорттың ең әдемі түрі. Бұл жерде ерекше дарын, шеберлік қажет. Элизабет кезінде канадалық Брайан Орсер деген бапкерден тәлім алды. Қазір ол Оңтүстік Корея, АҚШ, Жапония, Канада спортшыларына тәлім беріп жүр. Оған дейін де Олимпиада және Әлем чемпиондарын тәрбиелеп шығарды. Сондай-ақ, ол ресейлік Этери Тутберидзеден мәнерлеп сырғанаудың қыр-сырын үйренді. Жас буынды баулуда көп жұмыс жасалуы қажет деп санаймын, – деді Б.Тұрсынбаев. 
Бүгінде спорттық мансабын аяқтаған Элизабет Тұрсынбаева бүгінде Алматы қаласында ізбасарларын дайындайтын орталық ашуға көңіл бөлген. Тәжірибелі спортшының тәлімін алуға ықылас білдірген өрендер қатары аз емес.
Мәнерлеп сырғанаудан облыстың аға жаттықтырушысы Андрей Симакович қазірдің өзінде жоғары жетістіктерге жеткен шәкірттері аз емес екенін атап өтті. Олардың қатарында Артур Смағұлов, Темірлан Яхияев, Диана Жармұхамедова секілді өрендер бар. Әзірге жасөспірімдер қатарында сынға түсіп жүрген олар алдағы уақытта ересектер арасында ойын көрсетеді.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: