Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

ФУТЗАЛ. ИСПАНИЯ ҚАНДАЙ ҚҰРАМА?

ФУТЗАЛ. ИСПАНИЯ ҚАНДАЙ ҚҰРАМА?

 

Футзалдан Қазақстан құрамасы Колумбияда өтіп жатқан әлім біріншілігінде жарыстың 1/8 финалдық сатысына шықты. Қарсыласы – Испания құрамасы.
Испандар әлемдегі азулы құрамалар санатына енеді. Оған бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері нақты дәлел. Мәселен, олар әлем біріншілігінің финалдық кезеңіне 6 мәрте жолдама алды. Оның екеуінде (2000, 2004) чемпион болды. 2000 жылы Гватемалада өткен додада олар әуелі Д тобында сынға түсті. Испандар Кубаны 9:0, Иранды 7:2, Аргентинаны 3:0 есебімен жеңді. Жарыстың келесі сатысында F тобында сынға түсіп, Хорватияны 5:0, Португалияны 3:1, Нидерландыны 7:0 есебімен тізе бүктірді. Жартылай финалда Ресейді 3:2 есебімен орта жолда қалдырды. Финалда олар Бразилияны 4:3 есебімен жеңіп, алтын медаль иегері атанды. Ал 2004 жылғы Тайваньдағы жарыста да айы оңынан туды. А тобында олар алдымен Украинаны 2:0, Қытай Тайпейін 10:0, Египетті 7:0 есебімен жеңді. Жарыстың келесі сатысында Е тобында екінші орын алды. Испандар бірінші ойында Чехияны 2:0 есебімен жеңгенімен, келесі кездесуде итальяндарға жол берді. Есеп 2:3. Одан кейін Португалияны 3:1 есебімен тізе бүктірді. Жартылай финалда Бразилиямен кездесті. Ойынның негізгі кезеңі 2:2 есебімен тең аяқталды. Пенальи тебуде испандар мүлт кеткен жоқ. Есеп 5:4. Финалда тағы да Италиямен жолықты. Бұдан бұрын кеткен есесін қайтарды. Итальяндарды 2:1 есебімен жеңді. Сондай-ақ, олар 1996, 2008, 2012 жылдарда күміс, 1992 жылы қола жүлде алған. Қысқасы, аталмыш құраманың әлем біріншілігінің 1989 жылдан бері тұрақты түрде дүниежүзілік додаға қатысып келе жатқанын естен шығармауымыз тиіс. Испандар тек алғашқы біріншілікте ғана жүлдегер атанған жоқ. Қалғанында үздік үштіктен көрініп келеді. 
Ал Еуропа біріншілігінде Испания ешқашан жүлдесіз қайтқан емес. Бас-аяғы 9 құрлықтық додаға қатысқан олар соның алтауында алтын медальға қол жеткізді. Екі мәрте күмісті қанағат тұтса, бір мәрте қола жүлдегер атанды. 
Қысқасы, біздің құрама ең азулы қарсыласқа тап болды. Оларды айналып өтуге шамамыз келе ме? Оны уақыт көрсете жатар. Айта кетерлігі, 2016 жылғы Еуропа біріншілігінде екі құрама бір-бірімен жолықты. Сол жолы испандар 5:3 есебімен жеңді. Одан кейін Ресейен 7:3 есебімен басым түсіп, алтыннан алқа тақты.   
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: