Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Атой салатын кезең келді, «Ордабасы»!

Атой салатын кезең келді, «Ордабасы»!

 

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 18-тур ойындары аяқталды. Шымкенттiң «Ордабасы» командасы сырт алаңда Қызылорданың «Қайсарымен» 1:1 есебiмен тең түстi. Кездесудiң 56-минутында Азат Нұрғалиев пенальтиден есеп ашып, шымкенттiктердi алға шығарса, араға 2 минут салып алаң иелерi қарымта гол соқты. Сөйтiп, қос команда да қоржындарына бiр-бiр ұпайдан салды.
«Ордабасы» бұған дейiнгi турда өз алаңында «Астанадан» 0:2 есебiмен жеңiлген-дi. Осы кездесуден кейiн жұртшылық арасында «Ордабасы» туралы түрлi әңгiме тарады. Бас бапкер Виктор Кумыков өз еркiмен жұмыстан кету туралы арыз жазыпты, оған клуб президентi қол қоймапты деген деректердi де спорттық порталдардан естiдiк. Оған қоса клуб басшылығы М.Мұхтаров, М.Төлебек, С.Отарбаев, А.Касьянов, Р.Сариев және Б.Қожабаевты сатылымға қойды деген де ақпарат тарады. Дәл Еуропа лигасы бәсекесiнiң алдында команда неге бұлай iштей бүлiндi? Егер негiзгi құрамда ойнауға жарамайтын болса, маусым басында бұл ойыншыларды неге шақырған? Бас бапкер В.Кумыков нелiктен жергiлiктi жас футболшыларға онша көңiл бөлмейдi? Мiне, осы сұрақтардың басы ашық күйiнде қалып отыр. Рас, қорғаушы Мұхтаров жарақаты жазылса да бұрынғыдай ойнай алмай жүр. Былтыр команданы алға сүйреген Касьянов биыл өте сылбыр. Бапкерлер бұл жiгiттерге үлкен сенiм артқаны сөзсiз. Бiрақ олардың тепкен доптары түзу ұшар емес. Р.Сариев пен М.Төлебекке әлi де мүмкiндiк берiлуi керек деп есептейтiндер де жетерлiк. Өйткенi, Марданның ойламаған жерден жасайтын жойқын соққылары қақпашыларға оңай соқпайтын. Өкiнiшке қарай, биыл бұл жiгiт негiзiнен қосалқы құрамда отырды. Рауан болса Тәжiмбетов пен Божичтiң, Гейнрихтiң көлеңкесiнде қалып қойды. Аты аталған үш шабуылшы да жанкүйер көңiлiнен шығып жүр дей алмаймыз. Шабуылдағы бойшаң жiгiттерде жылдамдық кемшiн түсiп жатыр. Сондықтан дәл қазiр «Ордабасыға» жылдам әрi өткiр шабуылшы ауадай қажет. Жас қақпашы С. Отарбаев қосалқы құрамда отырып, «қартаятын» болды. Кезiнде В.Пасулько Саматтың жас екенiне қарамай сенiм артып, оны негiзгi ойындарға қатыстыратын. Қазiр Отарбаевқа «Ордабасыдан» орын табылмай тұр. Қуанарлығы, 28 маусымда клубта жиналыс өтiп, бұл футболшылардың бәрi командадан ешқайда кетпейтiнi жөнiнде шешiм қабылданыпты. Дегенмен, бiрiншiлiк орта тұстан ауып, жүлделi орындардың шетi көрiне бастаған сәтте командада кiшiгiрiм кикiлжiңдердiң орын алуы футболшыларға керi әсерiн тигiзбесе болғаны.
Ендi команданың жаңа маусымдағы көрсеткiштерiне қысқаша тоқталайық. «Ордабасы» биыл 13 тур бойы жеңiлмедi. Қорғаныс шебi күшейiп, азулы командаға айналды. Бiрақ шымкенттiктер өз алаңында дұрыс ойнай алмай жүр. Осы уақытқа дейiн Қажымұқан атындағы орталық стадионда 9 рет кездесу өткiзген команда соның үшеуiнде ғана жеңiске жетiптi. Төрт рет тең ойнаса, 2 рет жеңiлiске ұшыраған. Бiр қызығы, жерлестерiмiз сырт алаңда 4 рет жеңiске жетiп, 4 рет тең ойнаған. Тек бiр кездесуде ғана алаң иелерiне жол берiптi. Демек, команда өз алаңында психологиялық тұрғыдан әлсiз. Бапкерлер осы кемшiлiктi жоюға күш салулары керек. Сонымен қатар, «Ордабасы» көп кездесуде бiреуден артық гол сала алмай жүр. Атап айтар болсақ, команда бiр рет 3, екi-ақ рет 2 гол соққан. Соңғы кездерi қорғаныс шебi де сыр бере бастады. «Қайрат», «Астана» командаларынан 2 доптан жiберсе, екiншi алтылықтағы «Қайсар» да қақпамыздан саңылау тапты. Бұл жақсы емес. Жiгiттерге бiр серпiлiс қажет. Өкiнiшке қарай, қазiр «Ордабасының» бұрынғы қысқа пастар мен жылдам комбинацияларға негiзделген ойындарын жиi байқамай жүрмiз. Есесiне, стандартты жағдайларға сенiм артатын сыңайлы. Кей жағдайда жекелеген ойыншылардың шеберлiгiне сүйенiп жүргенi де жасырын емес. Әсiресе, А.Нұрғалиев пен Е.Тұңғышбаев жасындай жарқырап жүр. Бұл екеуi үш-үш голдан соғып үлгердi. Нәтижелi пастары да жеткiлiктi. Өзбекстаннан шақырылған А.Гейнрих те 3 доптың авторы атанды. Қорғаныс шебiнде Г.Суюмбаев пен А.Симчевичтiң шебер екендiктерi байқалуда. Сербиялық легионер А.Трайкович пен қақпашы С.Бойченко да бабында. Мiне, «Ордабасының» ерекше көзге түсiп жүрген ойыншылары – осылар. Өзге ойыншылар орташа деңгейде. Легионерлердiң жөнi бөлек болғанымен, «Ордабасының» негiзгi күшi – жергiлiктi қазақ жастарында. Бапкерлер осыны назарда ұстағаны жөн.
2 шiлдеде Шымкенттегi Қажымұқан атындағы орталық стадионда Еуропа лигасының iрiктеу кезеңi аясында «Ордабасы» Израильдiң «Бейтар» командасын қабылдайды. Мүмкiн, бас бапкер В.Кумыков шәкiрттерiнiң бар күшiн осы ойынға сақтап жүрген болар. «Бейтар» өз елiнiң 6 дүркiн чемпионы, 7 дүркiн кубок иегерi. Алайда, халықаралық деңгейде аса табысты емес. Сондықтан мамандар қос команданың келесi кезеңге шығу мүмкiндiгi шамалас деп болжап отыр. Ендеше, iшкi бiрiншiлiктегi аз-кем мәселелердi ұмытып, Еуропада атой салатын кезiң келдi, «Ордабасы»!

Ғабит Сапарбеков.
 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: