Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Бір үйдегі алты шахматшы

Аралдық жас өрен Ақылжан Мейірханұлы алдағы уақытта шахматтан Бразилияда жалауын көтеретін балалар мен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатына жолдама алды. Мұндай мүмкіндікке жақында Түркістан қаласында өткен 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер ел біріншілігінде қол жеткізді. Аудан орталығындағы Ж.Әбдірашов атындағы №62 мектеп-лицейінде оқитын Ақылжан Мейірханұлы шаршы тақтаның классика түрінен топ жарса, рапидтен екінші орынға табан тіреді. Ауыл баласының толағай табысын білікті мамандар жоғары бағалады.
– Тарихқа көз салсақ, шахматтың пайда болғанына қаншама ғасыр өтті. Жүз жылдан астам уақыттан бері жер шарында спорттың осы түрінен Әлем чемпионаты тұрақты түрде өткізілуде. Тоқсаныншы жылдан бері беделді бәсекеде қазақстандық шахматшылар ел намысын абыроймен қорғап жүр. Қазақстанда шахмат жақсы дамып келе жатыр. Кейінгі он жылда көп өзгеріс болды. Елімізде шахматтың рапид және блиц түрінен Әлем чемпионаты өткізілді, қаншама жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылады. Содан бері небәрі 17 адам жеңіс тұғырына көтерілген. Олардың жартысына жуығы бұрынғы Кеңес одағының үлесіне тиеді, – деді Ақылжанның әкесі Мейірхан Бармағанбетов.
Шахматты әуесқой деңгейде ойнап жүрген ол кісі кезінде газет-журнал беттерінен венгриялық апалы-сіңлілі Полгарлар туралы оқиды. Апалы-сіңлілі Жужа, София және Юдит кезінде әлем жұртшылығына жақсы танылды. Оларды шахмат өнеріне баулыған әкесі Ласло Полгар болатын. Содан кейін өзінің балаларын шахматқа баулып, олардың жоғары деңгейдегі турнирлерге қатысуына барынша қолдау көрсеткен.
Мейірхан ағамыздың отбасындағы үш ұл, үш қыздың бәрі ойлылар ойыны саналған өнерді жан-жақты меңгеріп алды. Сағыныш, Сақыпжамал, Мейіржан, Сабина кезінде сан алуан жарыстарда топ жарды.
– Шахмат есепке құралған ойын ғой. Бір қызығы, алдыңғы төрт балам жоғары оқу орнында математика пәнін таңдады. Қазір мектепте оқитын Ақылжан мен Айзере елімізде жасөспірімдер арасында бақ сынап келеді. Негізі Ақылжан төрт жасынан бастап шахмат ойнайды. Бес жасында алғаш рет ел біріншілігінде бақ сынады. Содан бері жеті жылдан астам уақыт өтті. Әрдайым жүлдегерлер қатарынан көрініп жүргені қуантады. Рапидтен чемпион атанды. Кейінгі жылдары оны ағасы Мейіржан баулып жүр. Әртүрлі әдісін үйретті. Соның арқасында Ақылжан ойынға басқаша қарай бастаған секілді. Өзін-өзі дамытып, жақсы нәтижеге қол жеткізуде. Кішкентай қызым Айзере де биіктен көрінуді қалайды, – дейді Мейірхан ағамыз.
Елімізде қазір шахмат спорты жақсы дамып келеді. Десек те әлі де қолға алатын істер аз емес. Мейірхан ағамыз бұл бағытта барлық жерде арнайы үйірмелер жұмыс жасаса деген ұсынысын айтады. 
– Алдағы уақытта қазақ баласынан Әлем чемпионы шығады деген ойдамын. Оған көп дайындық керек. Рас, қазір жасөспірімдер мен жастар арасында дүниежүзінде алдыңғы қатардан көрініп жүрген өрендер аз емес. Олардың әлемді мойындатып жатқаны қуантады. Жалпы, ересектер арасында чемпион болу өте қиын. Өйткені, бәсеке өте жоғары. Жетістікке жетуге талпынған әрбір адамның мол тәжірибесі болғаны дұрыс. Жер шарында халқының саны жөнінен алдыңғы қатарда тұрған Қытайдың өзінен Әлем чемпионы жақында ғана шықты. Бүгінде норвегиялық Магнус Карлсеннің аты озып тұр. Әзірге оған ешкім тең келер емес. Кім біліпті, алдағы уақытта әлем жұртшылығы қазақ баласының шеберлігіне таңдай қағатын уақыт та келіп қалар. Барлық өңірде шахмат мектебі ашылса деймін. Мәселен, өзім тұратын Арал өңірінде қаншама дарынды өрендер бар. Оларды қалай іздеп табамыз? Әзірге осы жағы кемшін түсіп тұр. Сондықтан үйірмелерді ауылдық жерлерден ашу мәселесін назардан тыс қалдырмайық дегім келеді. Жалпы шахматты дамытуға өте көп қаржы қажет емес. Өкініштісі, бұл мәселе әлі де кенже қалып жүргені қынжылтады, – дейді ол кісі ағынан жарылып.
Мейірхан ағамыз балаларын жарысқа өзі алып барады. Сайыс барысында жоғары деңгейде ойын көрсетуіне кеңес береді. Әрбір жеңіс осындай өлшеусіз еңбектің жемісі екені белгілі. Ұлдың кенжесі Ақылжанның Әлем чемпионатына жолдама алуы соның айқын дәлелі.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: