Айнұр ИБРАШЕВА
«Жарыс кезінде көптеген қызыққа кезігесің. Мәселен, ойынның уақыты көп болған кезде, біздің үстелімізге ойыншылар келіп қарап тұратын кездер болады. Сонда қатты қобалжып, жан-жағыма алаңдай бастаймын. Бірақ оны білдіртпеймін. Мұндай сәтте ұтысқа мотивация болып, жеңілмеуге тырысамын. Ең ұзақ ойын – 6 жарым сағатқа созылған» деп бастады әңгіменің басын, жас спортшы Нұрдәулет Таңатов.
Анасының айтуынша, баласы өте ерекше бала болып туылған. Ол 6 жасынан бастап шахмат ойынына қызыққан.
– 2012 жылдың қыс мезгілі болатын. Ол кез әлі есімде. Бірде мектепте балалар, ағайлар шахмат ойнап отырды. Шахматқа қатты қызықтым ба, менде дәл осылай ойнағым келіп кетті. Үйге бардым да, әпкем Сандуғаштан шахмат жайлы мағлұматтар сұрап алдым. Ол маған шахматтың әдіс-тәсілдерін, бағытын үйретті. Сол мезеттен бастап, шахматпен дос бола бастадым. Оны дамыту үшін аудандық үйірмелерге барып, ағайларымнан дәрістер алып, ойнап жүретінмін, – деді кейіпкеріміз.
Бүгінде ол Қызылордадағы С.Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы. Шиелінің ғана емес, Сыр елінің мақтанышына айналып жүрген жас өрендердің бірі. Оның алғаш жетістіктерінің бірі – Жеңістің 70 жылдығына орай өткізілген аудандық біріншілікте I орынды жеңіп алған мадақтамасы еді. Талабының арқасында аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық дәрежеде үздік атанып жүр.
Қазіргі таңда спортшының қоржыны медальдарға толы. Оның айтуынша, шахмат мансабындағы ең үлкен жетістігі – Astana Open 2019 халықаралық шахмат фестиваліндегі қола медалі. Бұл жарыста Швейция, Бельгия, Беларусь, Моңғолия және басқа да елдердің 628 спортшысымен бақ сынасты. Ол үшін жаңа қабілетін ашуға көмектескен ойындардың бірі болған көрінеді.
Бұдан бөлек, Павлодар қаласында өткен шахматтан халықаралық жарыстан жүлделі II орынды жеңіп алды. Турнирге 7 елден, барлығы 200-ге жуық ойыншы қатысты. Осындай кіл мықтылар қатысқан үлкен байқауларды топ жарып жүрген жастарды қалайша қолдамасқа?!
Сұхбат барысында Нұрдәулетті басқа қырынан таныдық.
– Мен бос уақытымда шахмат, дойбы, волейбол, футбол ойнағанды жақсы көремін. Сондай-ақ ата-анама, бауырларыма тамақ істеп бергенді ұнатамын, – деді ол.
Иә, Нұрдәулет өзгеше бала. Кейде қонақтарға дастархан жасап, оларды қонақ ететін көрінеді. Мешітке барып, садақа беріп, үлкендерге көмек қолын созады. Сабақтан тыс уақытта кітапханаға барып, мақал-мәтел, нақыл сөздер жазылған кітаптарды алып оқиды. Әр түрлі елдердің астанасын, мәдениеті мен тыныс-тіршілігін жақсы біледі екен. Оның бір ерекшелігі, аспаздық өнерінде. Тағам дайындап, тәтті бәліштерді дайындауды ұнататын кейіпкеріміздің тағы бір арманы – аспаз болу. Мейрамхана ашып, адамдарға қуаныш сыйлағысы келетіндігін айтты.
Нақты мақсаты – үздік білім алып, шахмат спортынан үлкен белестерге жету. Ол Қазақстандық шахматшы, гроссмейстер Ринат Жұмабаевты үлгі тұтады. Ал шетел мемлекеттерінен норвегиялық гроссмейстер, шахматтан әлем чемпионы Магнус Карлсеннің ойындарын, жаңалықтарын үзбей көреді.
– Шахмат – бұл менің өмірім. Ол маған қиындықтарды жеңуіме, есепті тез шығаруыма, алға қарай қадам басуыма көп көмектеседі, – деді арманшыл жігіт.