Құрамаға Қытай мен Германиядан футболшылар шақырылуы мүмкін
Қазақстан ұлттық құрамасының алдағы оқу-жаттығу жиынына Ненад Эрич шақырылды. «Астана» футбол клубының өкілі Еуро-2016 іріктеу матчтарында құраманың негізгі қақпашысы болуы ықтимал. Сонымен қатар, негізгі құрамаға Германия немесе Қытайдан ойыншылар шақырылуы мүмкін. Бұл туралы құрама командалар департаментінің директоры Владимир Нидергаус Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
- Қазақстан құрамасына Эричтің шақырылатыны жөнінде көп уақыттан бері айтылып келді. Неліктен биыл ғана шақыртылды?
- Эрич Қазақстанның азматтығын ресми түрде өткен жылы алды. Сол уақыттан бастап ұлттық құрамаға шақырту құқығына ие. Біздің департамент ойыншыны командаға тарту жөнінде УЕФА-ға өтініш жіберді және оң жауап келді. Осыған байланысты Түркияда өтетін алдағы оқу-жаттығу жиынына Ненад Эрич шақыртылды.
- Ұлттық құрамаға өзге де футболшылар шақырыла ма? Меркель немесе Евсеев? Бұл ойыншыларды Қазақстан құрамасына тарту жөнінде айтылып жүргеніне көп болды.
- Әрине, біз барлық позицияны күшейткіміз келеді. Айтарлықтай селекциялық жұмыс жүргізілуде. Барлық үміткерлерді қарастырамыз. Оның ішінде Германия мен Қытайда тұратын біздің азаматтар бар. Алдағы уақытта барлық кедергілер шешіліп, құжаттар рәсімделеді деп үміттенемін. Осыдан кейін жаңа ойыншыларды көре аламыз.
- Биыл жанкүйерлер ұлттық құрама ойынында Ненад Эричтің ойынын көре алады ма?
- Көре алады. Айта кетейін, заңнамалық базалар бар, оның барлығын сақтауға тиістіміз. Сол себепті бірнеше позицияны күшейтуді күтіп отырмыз.
- Меркель мен Евсеевке қатысты қандай мәліметтер бар?
- Бұл ойыншылардан бөлек өзге үміткерлер де бар. Сол себепті мен тек осы ойыншыларға тоқталып қала алмаймын. Германия мен Қытайда ойнап жүрген футболшыларды назарда ұстап отырмыз. Бірақ, ең алдымен ел чемпионатында ойнайтын қазақстандық футболшыларға сенім артамыз. Бұл – құраманың негізгі бөлігі. Ал, қалғандарын қандай деңгейде екенін бақылап отырамыз және ұлттық құрама жейдесін киюге ниеті мен құқығы бар ма екенін анықтаймыз.
Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасы 11-19 ақпан аралығында Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізеді. 18 ақпанда Молдова құрамасымен жолдастық матч жоспарланған.