Қазақстан футбол федерациясының бапкерлер кеңесі өтті
Қазақстан футбол федерациясының кеңсесінде ҚФФ президенті Ерлан Қожағапановтың төрағалығымен бапкерлер кеңесі өтті. Бұл жөнінде федерацияның баспасөз қызметі хабарлады.
Жаттықтырушылар кеңесінде ұлттық, жастар және жасөспірімдер құрамалары бапкерлерінің есебі тыңдалды.
Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Красножан Түркияда өткен оқу-жаттығу жиыны және Молдовамен өткізген жолдастық кездесуге тоқталды. Қазақстан Ұлттық құрамасының 28 және 31 наурыз күні Исландия мен Ресеймен өткізетін ойынға дайындық жоспары талқыланды. Сонымен қатар, ұлттық құрама мүшелерін медициналық тұрғыдан қолдау, 23 жасқа дейінгі футболшылардың құрамасын жасақтау мәселесі айтылды. Мұнда жас ерекшелігі бойынша жастар құрамасынан өткен талантты ойыншылар жиналады. Олар клубтардағы ойын тәжірибесінің жетіспеуінен әзірге ұлттық құрамаға іліге алмауда.
Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Саулюс Ширмялис өз командасының Достастық Кубогындағы ілгері тұстарын айта отырып, проблемалық позицияларға да тоқталды.
Біздің басты мәселе - орталық алаңда ойнайтын футболшы жоқ. Олар бұл позиция бойынша Премьер-Лига клубтарында ойнамайды, - дейді Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Саулюс Ширмялис. – «Қайрат» сапында Тимур Рудосельскийдің маусымды орталық қорғаушы ретінде бастағаны қуантады. Жуков - «Астана» командасының орталық жартылай қорғаушысы. Мен клубтардың Түркияда өткізген оқу-жаттығу жиынын қарап шықтым. Бірнеше жаңа футболшыгың ойынын көрдім. Сонымен қатар, Германияда біздің құраманы күшейте түсетін 1-2 ойыншы бар.
- 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Талғарда медициналық тексеруден өтті. Алайда, оның нәтижесі жоғары емес, - деп бастады есебін 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Карлес Марторелл. - Біз Грузияда оқу-жиынын жақсы өткіздік. Ол жақта қолайлы жағдай жасалған. Бізге әрі қарай бірнеше жиын өткізу керек. Футболшылар сонда тәжірибе жинайды. 10 күнге созылатын оқу-жаттығу жиынында команда 3 ойын өткізуі тиіс.
Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов бапкерлер кеңесін қорытындылай келе, құрама командалардың алдына 2015 жылға тапсырма қойды. Міндет – іріктеу турнирлерінде жоғары нәтижеге қол жеткізу.
– Біздің алдымызда тартысты ойын көрсетіп, Исландия құрамасымен өткізетін кездесуде оң нәтижеге жету міндеті тұр, - дейді Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов. – Жастар құрамасы жақында ЕУРО-2017 іріктеу турниріне қатысады. Біз жастар футболында Англия мен Норвегия құрамаларының көшбасшы екенін білеміз, алайда Швейцария мен Босния және Герцеговина құрамаларынан ұпай алуға болады. Карлес Марторелл мен Ойрат Сәдуов Қазақстан жасөспірімдер құрамасымен алғаш рет ресми матч өткізбек. Сіздердің алдарыңызда біздің жасөспірімдерді осы ойындарға дайындап, Еуропа аренасында Қазақстан абыройын көтеру міндеті тұр.