Үндістанның Пуна қаласында үстіміздегі жылдың 1-9 тамыз аралығында кикбоксингтен ересектер арасында Азия чемпионаты аяқталды. Кикбоксингтің фулл-контакт, лоу-кик, к-1 бөлімдері бойынша өткен жарысқа 17 мемлекет қатысты.
Аталмыш жарыста Қызылорда облысынан екі спортшы сынға түсіп, екеуі де жеңіспен оралды. Атап айтсақ, лоу-кик бөлімінде ойын көрсеткен Алтынбек Жүнісов 75 келі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанып, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады. Ол үш кездесу өткізіп, финалда Қырғызстан спортшысын 3:0 есебімен жеңді. 86 келі салмақта Ахмедияр Аманжолов лоу-кик бөлімінде күміс жүлдені иеленді. Айта кетейік,
Қазақстанның намысын 33 спортшы қорғап, жалпыкомандалық есепте Қазақстан көш бастады. Қалған орындарды Қырғызстан және Иран мемлекеттері иеленді.
Қос спортшы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Кикбоксингпен жастайынан айналысып келе жатқан екеуі де қазіргі таңда облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттығады. Бапкері – кикбоксингтен облыстың аға жаттықтырушысы Берік Ахметов және жаттықтырушы Қайрат Байқуатов. Азия чемпионы атанған Алтынбек Жүнісов үстіміздегі жылдың қазан айында Сербияның Белград қаласында болатын Әлем чемпионатына дайындалады.