Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

ЧЕРНОГОРИЯ ҚҰРАМАСЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

 

Футболдан Черногория құрамасы 2007 жылдың 26 қаңтарында УЕФА құрамына мүшелікке қабылданды. Сол жылдың 31 мамырында ФИФА құрамына енгізілді. 
Алғаш рет 2010 жылғы әлем біріншілігінің іріктеу кезеңіне қатысып, өздерінің тұңғыш рет ресми матчын өткізді. Өкінішке орай, бұл дода барысында өз тобында небәрі бесінші орынға табан тіреді. 2016 жылдың 15 қыркүйегінде шыққан ФИФА рейтингі бойынша 105 орында тұр. Ал УЕФА рейтингінде 32 орынға жайғасқан. 
Черногория Чербиядан тәуелсіздігін алғаннан кейін бұл елде өз құрамасын құруға мүмкіндік туды. 2016 жылдың қыркүйегінде Черногория футбол одағы тұсауын кесті. Бұл уақытта 2008 жылғы Еуропа біріншілігіне іріктеу кезеңі басталып кеткен еді. Сондықтан аталмыш аламанға қатысу мүмкіндігі болған жоқ.  
2006 жылдың қазанында УЕФА құрамына қабылдауға алдын ала келісім жасалды. 2007 жылдың қаңтарында олар өздерінің көздеген мақсаттарына толық жетті. Черногория алғашқыда ФИФА рейтингісінде 199 орында болды. Өйткені, бұл уақытта аталмыш құрама ешқандай ойын өткізген жоқ еді.  
2007 жылдың 24 наурызы. Бұл Черногория құрамасы үшін тарихи күн. Құрама алғашқы жолдастық кездесуін өткізді. Қарсыласы – Венгрия. Ел астанасы – Подгорица қаласындағы Под Горица стадионында өткен кездесуде алаң иелері қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірді.  Құраманың алғашқы голын  Италияның «Рома» командасының шабуылшысы Мирко Вучинич соқты. 2007 жылдың 31 мамырында Черногория ФИФА-ның 208 мүшесі атанды. 
Құрамаға бастапқы кезеңде Зоран Филипович бапкерлік етті. Оның басшылығымен құрама 8 жеңіске жетсе, 8 тең ойын қанағат білдіріп, 7 жеңіліске ұшырады. Ол 2010 жылдың қаңтарында өз қызметінен кетті. Сол уақытта бапкердің келісім-шарт мерзімі де аяқталған еді. Ал Черногория құрамасы бұл уақытта ФИФА рейтингісінде 73-ші орында тұрған болатын. 
Аталмыш құрама өзінің тарихындағы тұсаукесер ресми ойынын Болгарияға қарсы өткізді. Кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды. Келесі кездесуінде ирландықтармен 0:0 есебімен итжығыс түссе, Италиядан 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Итальяндықтар қарымта кездесуде де 0:2 есебімен жеңілсе, одан кейін сырт алаңда Грузиямен 0:0, Кипрмен 2:2 есебімен тең ойнап, Болграияға 1:4 есебімен есе жіберді. Бұдан кейінгі екі кездесуді өз алаңында өткізген черногориялықтар Кипрмен 1:1 есебімен тең түссе, Грузияны 2:1 есебімен тізе бүктірді. Іріктеу кезеңінің соңғы матчында Сырт алаңда Ирландиямен 0:0 есебімен тең түсті. Жалпы алғанда, алғашқы іріктеу кезеңінде аталмыш құрама жаман нәтижеге қол жеткізген жоқ. Небәрі 3 ойында жеңілістің ащы дәмін татса,  6 ойында те түсті. Өкінішке орай, небәрі 1 ғана кездесуде жеңіске жетті.   
2012 жылғы Еуропа біріншілігіне іірктеу кезеңінде біршама қиын топқа түскен еді. Соған қарамастан тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізді. Алғашқы үш ойынында тоғыз ұпай алды. Алдымен өз алаңында Уэльсті жеңді. Есеп 1:0. Сосын сырт алаңда дәл осы есеппен Болгариядан айласын асырса, өз алаңында Швейцариядан басым түсті. Олардың тарихындағы есте қаларлық тағы бір ойын Англия құрамасына қарсы кездесу болса керек-ті. Өйткені, Лондонда өткен ойында олар ағылшындарға тоқсан минөт бойы тегеурінді қарсылық көрсете білді. Есеп 0:0. Содан кейін Болгариямен  1:1 болып тең түссе, Уэльске 1:2 есебімен жол берді. Азулы Англияға өз алаңында да терезесі тең ойын көрсетті. Есеп 2:2. Соңғы кездесуде Швейцариядан 0:2 есебімен жеңілгенімен, өз тобында екінші орын алды. Содан кейін жарыстың плей-офф сатысына шықты. Бұл жолы олар екі ойында да Чехияға қарсы тұра алған жоқ. Есеп 0:1, 0:2. 
2014 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінде де жақсы ойын көрсеткенімен, өз тобында үшінші орыннан аса алған жоқ. Олар Польшамен қос мәрте тең түсті, 2:2, 1:1. Ал Сан-Мариноны 6:0, 3:0 есептерімен тізе бүктірді. Англиядан тағы да өз алаңында 1:1 есебімен тең түскенімен, сырт алаңда 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Ал Украина мен Молдавиядан сырт алаңда басым түскенімен, өз алаңында жеңіліп, жанкүйерлерін таңғалдырғаны рас. Мәселен, Украинаны Киевте 1:0 есебімен жеңіп, өз алаңында 0:3 есебімен есе жіберді. Кишиневте Молдовиядан 1:0 есебімен басым түсіп, өз алаңында 2:5 есебімен жеңіліске ұшырады.
Черногория 2018 жылғы әлем біріншілігінде Қазақстан сынға түсетін Е тобына түсті. Алғашқы кездесуінде сырт алаңда Румыниямен 1:1 есебімен тең ойнап қайтты. Ендігі қарсыласы – Қазақстан құрамасы. Бұл ойын ел астанасы – Подгорице қаласында бүгін, 8 қазанда болады.
Айтпақшы, екі құрама 2008 жылдың 27 мамырында жолдастық кездесу өткізген еді. Черногория астанасы – Подгорице қаласындағы кездесуде біздің құрама 0:3 есебімен жеңіліп қалды.  

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: