Марина Вольнова – әлем бойынша қыздар арасында бокстан тұңғыш олимпиада жүлдегерi болған үш қыздың бiрi, есiмi тарихта алтын әрiппен жазылып қалған қайсар қыз. Қазалы қаласының тумасы. Орыс мектебiнде оқып жүрiп, дене тәрбиесi мен спортқа жақын жүрдi. Оқушылардың аудандық спартакиадасында №16 М.Горький атындағы мектебiнiң атынан шығып, ең алғаш ядро серпуден кроссқа жүгiруден қыздар арасында аудан чемпионы атанды. Мен сол кезде (2002 жылы) аудандық спартакиаданың бас төрешiсi едiм. Үздiк көрсеткiштердi блокнотыма түртiп алған болатынмын. Ол бiрiншi Дзю-до күресiмен айналысып ауданда, облыста жүлде алып жүрдi.
Аз ғана уақыттан кейiн бокс өнерiне ден қойып облыс, республика көлемiнде биiк белестерге жеттi. Жергiлiктi аудандық газеттерге берген сұхбаттарында: Азия, әлем чемпионаты мен олимпиада ойынына қатысып жүлде алып қазақ елiнiң спорттық намысын асқақтату араманым дейтiн. Қажырлы еңбегiнiң арқасында арманына жетiп қана қойған жоқ шалғайдағы ауылда жүрiп те спорттың әлемдiк ареналарынан жеңiске жетуге болатынын дәлелдеген өжет қыз. Ағылшындардың астанасы Лондонның қақ төрiнде тұрып журналистерге қазақ тiлiнде сұхбат берiп елiмiздiң рухани мерейiн көтеруiнiң өзi орыс тiлiнде сұхбат берiп жүрген қандастарымызға өнеге емес пе?
Маринаның Қажымұқан есiмдi азаматқа тұрмысқа шығып ұлды болғанын естiп шаттандық. Қажымұқан Мұңайтпасұлы –қазақ халқының алыбы ұрпақтан ұрпаққа өнеге болар алтын ұлы. Осындай даңқты балуанның есiмiн алған қазақ жiгiтiне жар болуы бiздi ерiксiз сүйсiндiрдi. Бiр жылдың шамасында облыстық мұрағаттан Қазалы ауданынан шыққан 1989 жылғы "Ленин туы” газетiнiң тiгiндiсiн қарап отырғанымда "Боксшы” деген өлеңге көзiм түстi. Авторы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесi, Қазалы ауданының құрметтi азаматы ақын марқұм Әнес Нарымбетов ағамыз екен. Марина қызымыз 1989 жылы 26 шiлдеде Қазалы қаласында дүниеге келген. Ақын ағамыз болашақ боксшы қыз Марина Вольнованың осы Қазалы қаласында дүниеге келгенiн бiлгендей басқа емес, дәл 1989 жылы "Боксшы” деген өлеңдi шығарғаны менi таңдандырды. Осының бәрi қазақ елi үшiн жақсылыққа байланған ғажап дүниедей елестейдi. Аудандағы дене тәрбиесi пәнiнiң мұғалiмдерi мамыр айындағы жиналыста аудан орталығындағы бой көтерген заманауи үлгiдегi үлкен спорт ғимаратының бiрiне Маринаның атын беруге дауыс бердiк. Бiздiң алдымызда да 2014 жылдың 25 маусымындағы аудандық депутаттар маслихатында депутат Ғазиз Әлiш атты ағаң Олимпада жүлдегерi Марина Вольнова атында Қазалы ауданы орталығынан бiр көшеге ат беруiне ұсыныс жасаған болатын. Сол жиналысқа өзiм де қатысып аудан депутаттарының бiрауыздан қолдау бiлдiргенiнiң куәсi болдым. Марина, сен бiздiң үлгi тұтар бағдар шамымызсың, бiз сенi мақтан етемiз. Отбасыларыңызға зор денсаулық, мерейлi ұрпақ, береке бiрлiк, бақыт тiлеймiз