Қытайдың Тайпей қаласында таеквондодан жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында қызылордалық спортшылар өз шеберліктерін көрсетіп, облыс қоржынын 1 күміс, 3 қола медальмен толтырды.
Жекелей сында қыздар арасында өнер көрсеткен №2 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спортшысы Жібек Көпен +59 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болды. 41 келі салмақта № 10 Шиелі ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен Гүлбала Абызбаева, 44 келіде Ж.Баһадүр атындағы облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттан Ботагөз Қапанова және 51 келіде Айым Тоғман (№253 орта мектеп) чемпионаттың қола жүлдесін иеленді.
Жарысқа 24 мемлекеттен 200-ден аса 2001-2003 жылдары туылған ұлдар мен қыздар қатысты. Қазақстан құрама командасы 1 алтын, 2 күміс, 13 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте ұлдар мен қыздар командасы үшінші орынды еншіледі.