Қызылорданың «Қайсары» өз алаңындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ел чемпионатының 9-туры аясында елорданың «Астана» командасын қабылдаған Дмитрий Огай шәкірттері 2:1 есебімен жеңіске жетті.
«Қайсар» — «Астана» 2:1 (1:0)
Голдар: Мулдаров, 9. Молдакараев, 77 – Максимович, 70.
Ескертулер: Вороговский, 29. Митошевич, 40. Молдақараев, 84 – Аничич, 39. Жолшиев, 76.
«Қайсар»: Прядкин, Балтаев, Розыбакиев, Кляйн (К), Мулдаров, Митошевич, Мужиков (Цой, 86), Струков, Нәрзілдаев (Молдақараев, 75), Вороговский, Юнузович (Нұрдәулетов, 90).
Резерв: Нұрмұхаметов, Шестаков, Нехтий, Алтынбеков.
«Астана»: Эрич, Ахметов, Аничич (Жаңғылышбай, 81), Бейсебеков, Постников, Шомко, Жуков, Кетевоама (Максимович, 68), Каньяс, Жолшиев, Щеткин (Нөсербаев, 65).
Резерв: Логиновский, Құлбеков, Пикалкин, Твумаси.
Төрешілер: Вишниченко, Қошқаров, Ходин.
Қызылорда қаласы. Орталық стадион. 3000 көрермен.
Маусым Сыр командасы үшін өте ауыр басталған. «Локомотив» стадионында өткізген төрт ойында қарсылас қақпасын қанша торуылдасақ та гол соғудың сәті түспей келді. Рас, «Таразбен» болған ойында алғашқы голымызды соқтық. Бірақ оның алдында өз қақпамызға үш гол жіберіп алғандықтан ол голдың пайдасы болған жоқ. Ал бүгін «ақ түйенің қарны жарылды». Төрешінің ысқырығы естіле салысымен шабуылға атой салған жерлестеріміз 9-шы минутта-ақ есеп ашты. Серікжан Мужиковтың бұрыштамадан асырған пасын қақпаға дәл тоғытқан Алексей Мулдаров болатын. Бұдан кейін де жерлестеріміз қарқындарын бәсеңсіткен жоқ. Оң қапталдан Думан Нәрзілдаев, сол қапталдан Серікжан Мужиков ойқастап, «Астананы» айып алаңында ойран салды. Бірақ Евгений Постников пен Марин Аничич бастаған елордалық қорғаушылар қателіктерге бой алдырмай, алаң иелерінің шабуылдарын дер кезінде тоқтатып отырды.
Екінші таймда «Қайсар» футболшылары қарқындарын тіптен күшейткенімен Орталық стадионға бой үйрете бастаған қонақтар да қарап қалған жоқ. Станимир Стойлов та дер кезінде ойынға өзгеріс енгізіп, алаңға Неманья Максимовичтің шығарды. Сол-ақ екен, шабуылға ширақ араласқан серб легионері бір минуттың ішінде-ақ Абзал Бейсебековтің пасынан кейін таразы басын теңестіріп кетті.
«Астаналық» әріптесінің бұл қадамына «Қайсар» командасының бас бапкері Дмитрий Огайдың да өз жауабы бар болып шықты. Аздап шаршаңқырап қалған Думан Нәрзілдаевтың орнына 75-минутта алаңға Жасұлан Молдақараевты шығарды. Қызылорда футболының түлегі бапкер сенімін толық ақтап, арада екі минут өткенде «Қайсардың» жеңіс голын соқты. Соңына дейін арпалысып, «Астана» қақпашысы Ненад Эричтің қолынан допты жұлып алған Жасұлан Молдақараев қонақтарды сан соқтырып кетті. Есеп – 2:1. Негізгі уақыттың аяқталуына бес минут қалғанда Ян Вороговский екінші ескерту қағазын алып алаңнан қуылды. Бірақ кем құрамда қалғанына қарамастан «Қайсар» ойыншылары «қасқыр» мінездерін көрсетіп, жеңісті есепті ұстап қалды.
Енді жерлестеріміз келесі ойынын Қазақстан кубогының 1/8-финалы аясында Семейдің «Спартагына» қарсы өткізеді. Ойын 28 сәуір күні Ғани Мұратбаев атындағы Орталық стадионда сағат 17:00-де басталады.