Оныншы турдың орталық кездесуінде Қызылорданың «Қайсары» Алматының «Қайрат» командасын қабылдап, 0:0 есебімен тең түсті. Осылайша Дмитрий Огай шәкірттері турнир кестесіндегі үздік төрттіктің де ұпайларын тартып алып отыр.
Матч 28 сәуірде дүниеден өткен әйгілі әнші, композитор, алаш жұртына өшпес мұра қалдырған Батырхан Шүкеновтің құрметіне орай, бір минуттық үнсіздікпен басталып, футболшылар алаңға қолдарына қара таспа байлап шықты.
Ал Қызылорданың аптаған ыстығында өткен ойында қонақтар бірден өздерінің фаворит екендіктерін көрсетті. Дегенмен, әрдайым тактикалық талғамымен ерекшеленетін Дмитрий Огай көшбасшыларға қарсы қалай ойнау керектігін кезекті рет дәлелдеп, «Қайрат» шабуылшыларына ешқандай да мүмкіндік бермеді. Негізі матч бастала салысымен алматылықтардың есепте алға шығатын мүмкіндіктері болған. Бірақ Станислав Луниннің оң қапталдан асырған пасына Жерар Гоу сәл ғана жетпей қалды. Одан кейін «Қайсар» да қарқынын арттыра түсті. Екі мәрте қонақтардың қорғаушылары өте қауіпті тұстан Кирилл Шестаковқа қарсы ойын ережесін бұзды. Алғашқысында Данил Цой айып добын орындауда мүлт кетсе, екіншісінде Серікжан Мужиков допты шиіре теуіп, қорғаушыларға тигізді.
Екінші таймда алаңға біржола бейімделіп алған алматылықтар алғы шептерін тіптен күшейте түсті. Бірақ қақпашымыз Кирилл Прядкин көлденең келген доптың барлығын қайтарып, «Қайсарды» талай қауіптен құтқарып жатты. Тіпті, ойын соңына таман команда капитаны Мартин Кляйн қателескенде де, өзімен жеке-дара шыққан Жерар Гоудың аяғынан допты жұлып алған да Прядкин.
Сонымен, қорытынды есеп – 0:0. «Қайсар» енді Премьер-лига аясындағы келесі ойынын 7 мамыр күні Қостанайда жергілікті «Тобылға» қарсы өткізеді.