Атырауда 1998-2000 жылдары туылған жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Қазақстанның барлық аймағынан 258 спортшы қатысқан ел чемпионаты 10 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салды.
Аталмыш сында грек-рим күресінен жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Қанат Көбегенов жетекшілік жасаған жерлестеріміз облыс үмітін ақтап, үстіміздегі жылғы 9-15 маусым аралығында Үндістанның астанасы Нью-Делиде өтетін Азия чемпионатына жолдама алды. Есімдерін айтсақ, №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінен Бағдат Үсенов 76 келіде Қазақстан чемпионы атанса, Жалаңтөс Баһадүр атындағы облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат оқушысы Нұрбақыт Әзелхан 42 келіде күміс жүлдені иеленді.