Дмитрий Огай жанкүйерден тағы да кешірім сұрады (ВИДЕО)
Назарларыңызға "Қайсар" - "Оқжетпес" кездесуінен кейінгі баспасөз мәслихатындағы бас бапкерлердің ойын туралы пікірлерін ұсынамыз. Бұл жайында "Қайсардың" баспасөз қызметі хабарлады.
Дмитрий Огай, «Қайсар» ФК бас бапкері:
- Өкінішке қарай, жеңіліп қалдық. Жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Осымен екінші ойын қатарынан ұтылып жатырмыз. Жылдам гол командамның ойынына кері әсер етті. Одан кейін ойын бағытын өз арнамызға бұрмақ болғанымызбен оған шама жетпеді.
-Неге ұтылып жатырмыз, әлде көмекшілеріңіз әлсіз бе?
-Былтыр да дәл осы көмекшілеріммен үздік бестіктен көрінгенбіз. Ол кезде бұл жайлы әңгіме қозғалмап еді. Иә, биыл ойынымыз жүрер емес. Бірақ бұған көмекшілерімді кінәлауға болмайды.
Естеріңізге сала кетелік, Дмитрий Огай "Қайсардың "өз алаңындағы "Тараздан" 1:3 есебімен жеңілісінен кейін де жанкүйерлерденк кешірім сұраған еді. "Қайсар" биыл өз алаңында барлығы 7 ойын өткізіп, оның небәрі 1-де жеңіске жетті. Ал 4 ойында тең түсіп, 2 кездесуде жеңілді. Қарсыластар қақпасын небәрі 3 мәрте дәл көздеп, өз қақпасынан 6 доп алып шығуға мәжбүр болды.