Қызылорда қаласында Балаларды қорғау мерекесіне орай, жағажай футболынан «ҚазТрансГаз аймақ» компаниясының жүлдесі үшін ашық турнир өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Сыр елінде жағажай футболының аренасы өткен жылы салынған болатын. Құрылысты «Мелиоратор» жауапкершілік серіктестігі мойнына алып, 2014 жылдың 1 маусымында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаевтың қатысуымен ашылуы өтті. Содан бері «Сыр самалы» жағажайында орналасқан аталмыш алаң қала тұрғындарының кешкі демалыс орнына айналды.
Сонымен, облыстық футбол федерациясының ұйымдастыруымен өткен жағажай футболы турниріне 2003-2004 жылы туылған ұлдар және қыздар командалары қатысты. Әлбетте, кәнігі футбол мен жағажай футболының айырмашылығы жер мен көктей. Балғын балалар қиыршық құмда асыр салып, мәз-мейрам болысты.
Ұлдар арасындағы доданың жартылай финалында «Қайсар» футбол орталығының тағы бір командасы мен Шаған ауылы кездесті. Әбден құмде доп қуып үйреніп қалған Шаған ауылының балалары өте шапшаң, әрі ширақ екен, 4:2 есебімен жеңіске жетті. Екінші жартылай финалда Сырдария ауданының командасы мен «Қайсар» футбол орталығының 2005 жылғы жеткіншектері кездесті. Өте тартысты өткен ойын ауданнан ат арылтып келген балалардың жеңісімен аяқталып, таблода 3:2 есебі тіркелді. Осылайша үшінші орын үшін «Қайсар» футбол орталығының екі командасы кездесіп, алғашқылары 4:1 есебімен жеңіске жетті. Ал финалда Сырдария ауданының балғын балалары Шаған ауылын 3:1 есебімен тізе бүктірді.
Қыздар арасындағы турнир де тартысты, әрі қызықты болды. Жартылай финалдың бірінші матчында №10 орта мектеп пен №189 орта мектептің сегізінші сынып оқушылары кездесіп, алғашқылары 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Екінші ойын текетіреске толы болды. №39 орта мектептің қыздары тек соңғы сәтте ғана жеңіс голын соғып, №143 орта мектептен басым түсті. Сөйтіп, финалда 2:0 есебімен №10 орта мектептің оқушылары қарсыластарын тізе бүктірсе, 3-орын №143 орта мектепке бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді «КазТрансГаз аймақ» компаниясы директорының орынбасары Қайнар Нұрлыбаев, облыстық дене шынықтыру басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Қаленов, облыстық футбол федерацисының жауапты хатшысы Ақмарал Төребаева, Атқару комитетінің мүшесі Серік Жаппасбаев және «Қайсар» футбол клубының ойыншысы Пламен Димов марапаттады.