«Қазақстан Барысы» турнирінің күміс жүлдегері Руслан Әбдіразақов пен көрермендердің ерекше ықыласына бөленген «Жеңіске деген жігері» номинациясының иегері Нұрым Сәлімгереевті Қорқыт ата әуежайынан қызылордалықтар зор қошеметпен күтіп алды.
Облыстық коммуникация орталығында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев пен спортшылардың қатысуымен брифинг өтті.
Кездесу барысында Садық Мұстафаев қызылордалық спортшылар үшін турнир сәтті өткендігін баса айтты. Н.Сәлімгереев көрермендер ықыласына бөленіп, «Жеңіске деген жігері» номинациясы бойынша сыйға автокөлік алды.
Айта кету керек, 4 шілде күні Астана қаласында Ұлт Көшбасшысы - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирі өткізілген болатын. Дүбірлі додаға Астана, Алматы қалаларынан және облыстардан 33 спортшы қатысты. Осы бәсекеге облысымыздан 2 спортшы бақ сынап, екеуі де жүлделі оралды.