Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Түздегі тең ойын

Түздегі тең ойынҚызылорданың «Қайсары» Шымкентте жергілікті «Ордабасыға» қарсы алаңға шығып, 0:0 есебімен тең түсті. Бұл Қазақстан Премьер-лигасының 8-туры аясында өткен ойын болатын.
«Ордабасы» (Шымкент) – «Қайсар» 0:0 
Ескертулер: Абдулин 23, Мұхтаров 25, Тәжімбетов 60 - Хунт 25
«Ордабасы»: Бойченко, Симчевич, Мұхтаров (к), Абдулин, Сүйінбаев, Тұңғышбаев (Сариев 81), Петров, Касьянов, Нұрғалиев (Әшірбеков 90+1), Тәжімбетов (Гейнрих 86), Божич 
Резерв: Қожабаев, Трайкович, Толебек, Сидельников
«Қайсар»: Прядкин, Кляйн (к), Митошевич, Цой, Розыбакиев, Мулдаров (Скорых 79), Балтаев, Мужиков, Молдақараев (Шестаков 72), Струков, Хунт (Юнузович 80) 
Резерв: Сейдахмет, Вороговский, Кейлер, Нехтий
Төрешілер: Чесноков (Өскемен), Журавлев (Павлодар), Будниченко (Екібастұз)
19 сәуір. Шымкент. Қажымұқан атындағы стадион. 3 500 жанкүйер
Айта кетейік, клуб басшылығының ұйымдастыруымен команданы қолдау үшін Қызылордадан Шымкентке жүзден астам жанкүйер жол тартты. Көптігі соншалық, сексен адамға арналған екі автобусқа адамдар сыймай қалып, Шымқалаға жеткенше тұрып барғандар да болды. Дегенмен, жол жүріп шаршаған ешкім жоқ, тура матч басталған шақта стадионға «қайсарлатып» ұранмен кірген жанкүйерлер 90 минут бойын команданы қолдады.
Алаңға барынша дайындықпен шыққан «Қайсар» ойыншылары да жанкүйерлерінің сенімін ақтауға барынша тырысып, бар өнерлерін ортаға салды. Рас, бастапқыда «Ордабасының» қарқыны қатты болды. Доп көбіне «Қайсардың» айып алаңынан шықпай, қақпашымыз Кирилл Прядкин жиі ойынға араласуға мәжбүр болды. Әйтсе де, уақыт өткен сайын қызылордалықтар ақырындап тізгінді өз қолдарына алып, Сергей Бойченконы да мазалай бастады. Бірақ шынын айтқанда бірінші таймда екі команда да гол соғатын шынайы мүмкіндіктер ұйымдастыра алған жоқ.
Есесіне екінші тайм қызықтырақ, әрі тартысты болды. Қажымұқан стадионына бейімделіп алған Дмитрий Огай шәкірттері де алға атойлауын жалғастырып, Бойченконы жұмыссыз қалдырған жоқ. Бір ғана Серікжан Мужиковтың өзінде гол соғатын тамаша екі мүмкіндік болды. Бірақ 7-ші нөмірлі саңлағымызға сәттілік болған жоқ. Ал әріптесінен әдемі пас алып, алдында тұрған футболшыны бұйым құрлы алдап өткен Сергей Струков қақпашымен жеке-дара шыққанына қарамастан Сергей Бойченкодан айласын асыра алмады.
Иә, «Ордабасының» да тамаша ойынын атап өткеніміз дұрыс. Оларда да гол соғатын сәттер болды. Мәселен бұрыштамадан кейін доп ашық тұрған қақпамызға еніп бара жатқан. Абырой болғанда Рахымжан Розыбакиевтің басы сол жерден табылып, «теңбіл снарядты» тура сызықтың бойынан қайтарды. Сондай-ақ, Алдан Балтаев екі рет допқа барысша атылып, шабуылшының аяғынан жұлып алды. Ал Кирилл Прядкиннің сейвтерін айтып жатудың өзі артық.
Осылайша екі команда да гол соға алмай, тең есепке қанағат білдіріп тарқасты. Енді «Қайсар» өзінің келесі ойынын 25 сәуір күні өз алаңында елорданың «Астанасына» қарсы өткізеді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: