Бұл күндері «Локомотив» стадионында «Қайсар» футбол клубының ұйымдастыруымен Балаларды қорғау күніне орай 2005-2006 жылғы жеткіншектер арасында футболдан республикалывқ турнир өтуде. Мамырдың 31-іне дейін жалғасатын доданың алғашқы екі күні артта қалды.
Жарысқа барлығы сегіз команда қатысуға өтініш білдірген. Оның үшеуі Қызылорданың намысын қорғаса, екеуі Шымкенттен. Сондай-ақ, Ақтөбе, Тараз және Павлодар қалаларынан да бір-бір командадан бар. «А» және «В» топтарына бөлінген командалардың тек үздіктері ғана финалда бас жүлдені сарапқа салады. Әзірге «А» тобында павлодарлық «Ертіс» пен "Шымкенттің Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жеткіншектері қарсылақ шақ келтірмей келе жатса, «В» тобында Ғалымжан Үмбетбаев жаттықтыратын "Қайсар-2005" командасы көш бастап келеді. Екі команда да өздерінің алғашқы екі кездесулерін жеңіспен аяқтады.
Бекзат Әли, «Ертіс» Футбол орталығының тәрбиеленушісі:
-Алғашқы екі қарсыласымызды жеңдік. Енді қалған ойындарды сәтті аяқтап, чемпион атануды көздейміз. Жалпы, футболмен айналысып жүргеніме үш жылдай болды. Қазіргі жаттықтырушым – Руслан Гумар.
Енді ертең жас футболшылар топтық кезеңдегі соңғы ойындарын өткізеді. Ал 31 мамырда жеңімпаздар мен жүлдегерлер толық анықталады.