Шойтымов "Байқоңырдың" тарихи жеңісін жоғары бағалады
«Байқоңыр» - ЦСКА кездесуінен кейін барша жанкүйерлерге алғысын айтқан алаң иелерінің бас бапкері Ерлан Шойтымов кездесу туралы былайша ойын өрбітті.
Ойын жайлы
- Бізді қолдауға келген жанкүйерлерге рахмет! Олардың қолдаулары футболшыларға жетіп жатты. Қуат беріп, қанат бітірді. Соның арқасында бүгін үш ұпайды еншілеп отырмыз. Ал ойынға келер болсақ, бірінші турда «Қыранмен» болған кездесуде ойынның соңында қақпамызға гол жіберіп алған едік, бүгін соңғы минуттарда өзіміз гол соқтық. Сондықтан, бәрі әділ деп ойлаймын.
Ойын алдындағы тактикалық ұстаным
- Бұл тархи жеңіс. «Байқоңырдың» Бірінші лигадағы алғашқы үш ұпайы. Сондықтан, барша қызылордалықтарды құттықтаймын. Ал матчқа қойылған тапсырма, мақсатымыз жайлы айтар болсақ, тек қана жеңісті көздедік. Ойын алдында, шынымды айтсам, жігіттермен тактика жайлы талқыласып жатпадық та, тек жеңіс туралы сөйлестік. Бізге бұл жеңіс ауадай қажет болды.
Қорғаушыларды алғы шепке шығару жөнінде
- Қорғаушының аты – қорғаушы. Мен оларды алға шығара алмаймын. Солай еткен күннің өзінде Көшеков болсын, Алтаев болсын, алғы шепте шабуылшылардан артық ойнай алмайды. Олардың басты міндеті қорғаныс.
Қақпаға жіберілген гол туралы
- Қонақтар қарымта шабуылын жылдам ұйымдастырып жіберді де, біздің ойыншылар артқа қайтып үлгермеді. Демек, алда осы жайлы жұмыс жасау керек.