Қызылорда облыстық футбол федерациясының Атқару комитеті қой жылындағы алғашқы мәжілісін өткізді. Федерацияның бюджеті шешіліп, 2015 жылы ұйымдастырылатын футбол турнирлерінің кестесі бекітілді.
Алдымен жылқы жылы қорытындыланып, Комитет төрағалары 2014 жылы атқарылған жұмыстарға есеп берді. Мәселен, Төрешілер комитетінің төрағасы Акмальхан Холматов қызылордалық арбитрлардың былтырғы жетістіктері жайлы баяндады. Жалпы, төрешілерге келсек, жылқы жылында Қазақстан Премьер-лигасында Холматовтан бөлек, Серік Жаппасбаев, Ғалымжан Айжігітов, Төребек Жақсылық сынды реферилер қызмет атқарса, Данияр Сахи, Азамат Ахметов, Еркен Жантуғанов сынды жастар Бірінші лига турларына тартылып жүрді. Сондай-ақ, әйелдер футболында Әйгерім Қойшыманова сынды Сыр төрешісі тағы бар. Ал Акмальхан Холматовтың өзі екінші жыл қатарынан еліміздің ең үздік төрешісі болып таңдалды.
Бұқаралық футбол, балалар-жасөспірімдер футболы, ардагерлер футболы, жағажай футболы сынды тақырыптар да кеңінен баяндалып, атқарылған жұмыстарға жақсы баға берілді. Мәселен, бұқаралық футболдан өткен жылы Қызылордада алғаш рет Шағын футбол лигасы, Студенттер лигасы сынды додалар ұйымдастырылса, облысымыздың ардагерлер құрама командасы Шымкентте өткен ел чемпионатында екінші орынды иемденді. Ал балалар-жасөспірімдер футболына көңіл тіптен ерек. Нақты айтсақ, былтыр өткен аяқдоп додаларының 70 пайызы балалар-жасөспірімдер футболына бөлінді.
Айтпақшы, өткен жылғы бюджет қоры да жарияланды. ҚОФФ жауапты хатшысы Ақмарал Төребаева өткен жылы өңірде аяқдоп спортын дамытуға Қызылорда облыстық футбол федерациясы 59 132 515,26 теңгенің жұмсалғанын мәлімдеді. Қай қаржының қайда жұмсалғанын толығырақ «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің алдағы нөмірлерінің бірінен оқи аласыздар.
- Біз осы жұмыстарды одан әрі жалғастыра беруіміз керек. Бірінші кезекте балалар-жасөспірімдер футболы. Өйткені, балалар футболына көңіл бөлмей, үлкен футболда биіктерді бағындыра алмаймыз. Сондықтан, 2015 жылы да осы бағытта жұмыс жасаймыз. Сондай-ақ, аудандармен жұмысты күшейтуіміз керек. Инфрақұрылым да маңызды салалардың бірі. Дәл қазір Қазақ-түрік лицейінің ауласында заманауи талаптарға сай келетін шағын футбол алаңын салып жатырмыз. Ал Илья Ильин бағындағы футбол алаңы көктемде толығымен пайдалануға беріледі, – деді мәжілісті қорытындылаған ҚОФФ Президенті Нұржан Әлібаев.