Спорттық додаға Арал, Қазалы, Шиелі, Қармақшы, Жалағаш және Сырдария ауданы мен
Қызылорда (Жас Қайсар), Байқоңыр қаласының командасы қатысты.
Жарыс бағдарламасына сәйкес 15 тур өткізілді. 18 ойын өткізіп, оны 16 жеңіспен
аяқтаған «Сығанақ» 48 ұпаймен бірінші орын алды. Ал, екінші орынға Шиелінің құрамасы иеленсе, үшінші сатыға
Қазалының «Жігер» командасы тұрақтады. Турнир қорытындысы бойынша «Сығанақтың»
капитаны Ерлан Әптаев біріншіліктің «Үздік ойыншысы» атанды.
Жалпы, футболдан жаңақорғандық ұжымға тең келер команда болмай тұр. Сөзіміздің дәлелі, Шиеліде
өткен «Алтын Күз – 2015» мерекесінде де «Сығанақ» үздік шықты. Жеті құрама екі
топқа бөлінді. Бірінші топқа түскен Сығанақ футболшылары алдымен Аралдан 3:1
есебімен басым түсті. Келесі кезеңде сырдариялықтарды 11:1 есебімен айқын
жеңді. Ал, финалда Жалағаштың қақпасынан бес рет саңылау тауып, жеңіске жетті.
Бұл жеңіс дәстүрге айналғандай. Себебі, бес жыл қатарынан «Алтын күзде» бас
жүлдені ешкімге бермей келеді.
Бас жаттырықтырушы – Оразалы Тасболатов.
– Біздің команда құрамы қос бірдей жоғары
деңгейдегі ойыншылармен толығып отыр. Олар, «Қайсар» футбол клубынан келген
Ахмет Алайдаров пен Қайсардың жастарында доп тепкен Абай Жамалдин. «Сығанақты»
алға жетелеп келе жатқан капитан Ерлан Әптаевты ерекше атап өткім келеді.
Осындай дүбірлі додаларда биік тұғырдан көрінуімізге үлес қосқан Тұрсынхан
Мұсаев. Себебі, құрамадағы барлық ойыншылар сол кісінің қолынан шыққан
шәкірттер, – деді жаттықтырушы О.Тасболатов.
Айта кететіні, 2016 жылы қаражат мәселесі шешімін
тауып жатса екінші лига ойындарына команда сақадай сай тұр.