«Қайсар» - «Шахтер» кездесуінен кейін алаң иелерінің бас бапкері Дмитрий Огай баспасөз мәслихатын өткізіп, ойын туралы өз ойын білдірді, деп хабарлайды "Қайсардың" баспасөз қызметі.
-Бұл жеңіс психологиялық тұрғыдан алғанда екі команда үшін де өте маңызды еді. Жеңіске жетіп, жанкүйерлерге қуаныш сыйлаған футболшыларға алғыс айтамын. Футбол деген осындай, бірде жеңесің, бірде ұтыласың. Мәселен, «Шахтер» осыдан бір жыл бұрын Еуропада атой салған команда еді, қазір жағдайы тіптен мүшкіл. Сондықтан, бәріне түсіністікпен қарап, сабырға келу қажет.
-Трансферлік кезеңде «Қайсар» сапында өзгерістер бола ма?
-Әлбетте, команданы күшейткіміз келеді. Футболшылар қарастырамыз. Өзімізге қажетті ойыншылар болса, міндетті түрде сапқа қосамыз.
-Пламен Димов пен Дамир Дәуітов жарақаттарынан қашан айығады?
-Қазір ақырындап жаттығып жүр. Дегенмен асығыстық танытуға болмайды. Одан әрмен асқындырып алуымыз ғажап емес. Толық емделген соң бұл екеуі командаға көмек болады деп ойлаймын. Сонымен қатар, Рахымжан Розыбакиев пен Жасұлан Молдақараевты да күтіп жүрміз. Бұлар да жарақаттарынан айыға алмауда.