Ел чемпионы «Астана» Чемпиондар Лигасы екінші іріктеу раундының қарымта кездесуінде словениялық «Мариборды» жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды "Аламан" порталы.
«Астана-Аренаға» жиналған қауымның қарасы көп болды. Жұмыс күніне қарамастан, стадионға жиналып, елордалық клубқа керемет жанкүйерлік танытты. Орталық алаңдағы тамаша атмосфера чемпиондарымызға дем беріп, жеңіске жетуге септігін тизігді.
Алғашқы тайм бастау алысымен, қос команда шабуылға аса көп мән бермей, бір-бірін бақылауға кірісті. Тек 12-ші минутта ғана елордалықтардың алғашқы шабуылы өз жемісін берді. Георгий Жуков сол қапталдан айып алаңында тұрған Бауыржан Джолчиевке пас шығарды. Ал шабуылшы құлап сүрінсе де есеп ашып, командасын алға шығарды.
22-ші минутта Рохер Каньяс Ясмин Ханданович қорғаған қақпаға алыстан соққы бағыттады, бірақ сәл ғана қиыс кетті.
Қонақтар ойынның аяқталуына 5 минут уақыт қалғанда таразы басын теңестіріп үлгерді. Бұрыштамадан берілген допты голға айналдырған – Райчевич. Есеп – 1:1.
Арада бір минут өткенде «Астана» қарымта шабуылға шықты. Жуков команда капитанының аяғына пасты дәл берген еді, Таңат Нөсербаевтың жойқын соққысы қақпадан сәл ғана биік кетті.
44-ші минутта елордалықтар есепте қайта алға шықты. Айып алаңынан Жуковтың тепкен добын Ханданович қайтарған сәтте, Каньяс керемет голдың авторы атанды.
Ойынның екінші бөлігі алаң иелерінің қонақтарды қыспаққа алуымен басталды. 58-ші минутта Патрик Твумаси қақпаға алыстан соққы бағыттады және қақпаның торы бүлк ете қалды. Елордалықтар есепті ұлғайта түсті.
67-ші минутта Каньяс екінші мәрте тәртіп бұзып алаңнан қуылды.
Ойынның қалған уақытында қонақтар қанша шабуыл жасағандарымен, Владимир Логиновский қорғаған қақпаның кілтін таба алмады. Елодалықтар үшінші раунқа жолдама алды.
Чемпиондар Лигасы. Екінші іріктеу раунды.
«Астана» (Қазақстан) — «Марибор» (Словения) 3:1 (2:1)
Голдар: Джолчиев 12 (1:0), Райчевич 40 (1:1), Каньяс 44 (2:1), Твумаси 58 (3:1)
22.07.2015. Астана қаласы, «Астана-Арена» стадионы.