Қызылордалық жас былғары қолғап шеберлері ел чемпионатынан 8 жүлдені иеленді.
Ақмола облысының Степногорск қаласында бокстан 2001-2002 жылдары туылған жасөспірімдер арасында өткен ҚР чемпионатында жерлестеріміз жүлделі оралды. Республикамыздың барлық өңірінен 152 спортшы қатысқан тартысты жарыс күндерінің нәтижесінде жерлестеріміз 8 жүлдені иеленді.
Атап айтсақ, 48 келі салмақ дәрежесінде Азамат Бектас (спорт интернат) ел чемпионы атанды. 38 келіде Қалжар Нүркен (№5БЖСМ), 46 келіде Сұлтан Сәдуақасов пен 66 келіде Тен Владислав (екеуі де спорт интернат) чемпионаттың күміс жүлдесін иеленді.
30 келіде Данияр Санатбаев (№12 Сырдария аудандық БЖСМ), 32 келіде Жаннұр Әділбек (№17 Қазалы аудандық БЖСМ), 50 келіде Айдос Тәттібай (спорт интернат), 60 келіде Жоламан Нұрадин (№18 Қазалы қаласының БЖСМ) қола жүлдеге қол жеткізді. Чемпионат қорытындысы бойынша спортшылардың барлығы спорт шеберіне үміткер нормативін орындады.
Спортшылар 21-26 маусымда Қарағанды облысы, Балқаш қаласында болатын халықаралық турнирге қатысады. Одан кейін 1-7 шілде аралығында Алматы облысы Қаскелең қаласында өтетін ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаетың жүлдесіне арналған халықаралық турнир күтіп тұр.