Астанада 13-16 қараша аралығында ҚР-ның чемпионаты өтті. Алғашқы жарыс жастар және ересектер арасында біріккен форматта өткізілді.
Чемпиондық атақ үшін барлығы 264 спортшы күресті. Аталған жарыс осы спорт түрінің Қазақстандағы негізін салушы, танымал таеквондошы Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығына арналған. Жарыс жастар арасындағы жекпе-жекпен басталды. Өткен жұмада қатарға ересектер де қосылды. Аталған чемпионатта қызылордалық спортшылар жақсы ойын өрнегін көрсетті. 46 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Қызылордадағы №2 балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиялық резерв мектебінің оқушысы Жазира Сапарбек І орынды жеңіп алды. Екінші алтын медальді аталған мектептің оқушысы 87 кг салмақта өнер көрсеткен Сергей Пак иеленіп, облыс құрамасының мерейін үстем етті. Тағы бір медаль, бұл енді қола. Қола медальдің иегері Арал аудандық балалар мен жасөспірімдер мектебінің тәрбиеленушісі Арайлым Ниятова. Облыстық құраманы чемпионатқа жаттықтырушылар Н.Курноскин, Н.Сухан, Р.Тілеулиев және М.Исмайловтар дайындады. Спортшыларымыздың жарысқа дайындықтары мен жолақыларына демеушілік жасаған «Фрак Джет» компаниясы екенін айта кеткеніміз жөн болар. Бұл жарыста жеңімпаз атанған спортшылар Қазақстан ұлттық құрамасына енеді.