Алматы облысының орталығы – Талдықорған қаласында үстіміздегі жылдың 27-29 сәуір аралығында жеңіл атлетикадан тірек-қимыл қозғалыс аппараттары және көз мүшелері зақымдалған мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Мощеев жетекшілік жасаған жерлестеріміз жақсы ойын көрсетіп, облысымыздың намысын қорғап қайтты. Атап айтсақ, Қолғанат Бақберген ұзындыққа секіруден және 100 метрге жүгіруден бірінші орынды иеленді. Еламан Жоламан ядро серпуден жеңімпаз атанса, 100 метр қашықтыққа жүгіруден күміс жүлдеге ие болды. Енді қос спортшы Павлодарда тамыз айында болатын ҚР IV Паралимпиада ойындарына дайындалады.