Облыстық футбол федерациясының вице-президенті сайланды
Қызылорда облыстық футбол федерациясы Атқару комитетінің мәжілісі өтіп, Федерацияға жаңа вице-президент сайланды. Бұл жөнінде федерацияның баспасөз қызметі мәлім етті.
Облыстық әкімдікте өткен мәжіліс барысында Федерацияның биылғы жұмыстары талқыланып, алдағы жоспарлары қарастырылды. Осы орайда Атқару комитетінің мүшелері күн тәртібіндегі басты мәселеге тоқталып, барлығы бірауыздан вице-президенттік қызметке Жаппасбаев Серік Ақылтайұлын лайық деп таныды.
- Осыған дейін бұл қызметті атқарған Асқар Серековке мол алғыс айтамыз. Біраз жұмыстар атқарды. Алдағы уақытта Асқар Әбсаттарұлы Федерацияда Атқару комитетінің мүшесі болып қала береді. Ал Серік Ақылтайұлына орынбасарым ретінде еңбегіне табыс тілеймін. Аймақтағы аяқдоп спортын дамытуға бар күшін салады деп зор сенім артамын, – деді ҚОФФ Президенті Нұржан Әлібаев.
Серік Жаппасбаев – 1973 жылдың 10 қаңтарында дүниеге келген. Қызылорданың «Тұрар» футзал командасында ойнаған. 2003 жылдан бері футбол төрешісі. 2008 жылдан бері Халықаралық дәрежедегі футбол арбитрі. Үш баланың әкесі.
Қызылорда облыстық футбол федерациясының ұжымы Серік Ақылтайұлын қызметімен құттықтап, облыстағы футбол спортын дамытуға бағытталған барлық игі бастамаларына баяндылық тілейді.