Қызылорданың «Байқоңыр» командасы түздегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Екі күн отарбалатып «Екібастұзға» қонаққа барған жерлестеріміз алаң иелерін 2:1 есебімен тізерлетті.
Соңғы кезде «Байқоңырды» екінші таймның синдромы жағалап жүрген. Ойынның алғашқы таймын сәтті өткізгенімен үзілістен кейін қақпаларына гол жіберіп алып, нәтижесінде жеңіліп қалатын. Бұл жолы Ерлан Шойтымов шәкірттері салған жерден ойын тізгінін өз қолдарына алып, алаң иелерін сәт сайын қателестірумен болды. Нәтижесінде кездесудің 38-минутында «Екібастұз» қақпасына пенальти белгіленіп, нүктеге жақындаған Дастан Дүйсембаев қызылордалықтарды алға шығарды.
Алайда екінші тайм бастала салысымен алға атойлаған алаң иелері арада 10 минут өтер-өтпестен таблодағы көрсеткішті теңестіріп кетті. Бірақ жерлестеріміз еңселерін түсірмей, команда капитаны Асқат Қарабектің соққан голы арқасында қайта алға шықты. Осыдан кейін «Екібастұз» футболшыларының да жүйкелері сыр беріп, қақпашысы Рустам Айдарғалиев алаңнан қуылды.
Енді «Байқоңыр» өзінің келесі кездесуін 28 маусым күні Қызылорданың «Локомотив» стадионында Шымкенттің «Мақтаарал» командасына қарсы өткізеді. Ойын жергілікті уақытпен сағат 19:00-де басталады.