Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Қазақстан Халықтары Ассамблеясының 25 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, Қызылорда қаласының ішкі істер басқармасы қызметкерлері арасында шағын футболдан жарыс өткізілді. Жарыстың өткізілу мақсаты – полиция қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, қызметкерлердің дене шынықтыру дайындығын жоғары деңгейде ұстауын қамтамасыз ете отырып, спорттық даярлығын көтеру болып табылады.
Аталмыш спорттық шараға ішкі істер басқармасы қызметкерлерінен құралған 10 команда қатысты. Спорттық бәсекенің қорытындысы бойынша І орынды Анықтау бөлімі құрамасы иеленсе, ІІ орынды Кадр жұмысы бөлімшесі құрамасы қанжығасына байлады. Ал ІІІ орынға Криминалды полиция бөлімшесі табан тіреді. Сондай-ақ жарыс шеңберінде үздік қорғаушы, үздік шабуылшы, үздік қақпашы аталымдары бойынша үздіктер анықталды. «Үздік қорғаушы» номинациясына Криминалды полиция бөлімінің жедел уәкілі полиция лейтенанты Еркінов Бекзатхан лайық деп танылса, «Үздік шабуылшы» аталымы бойынша Анықтау бөлімінің анықтаушысы полиция аға лейтенанты Смайлов Дәділхан, «Үздік қақпашы» аталымы бойынша Техникалық қызмет бөлімінің аға инженері полиция майоры Бекманов Ерлан, «Футбол майталманы» аталымы бойынша ҚІІБ бастығының орынбасары полиция майоры Абдреев Асылхан марапатталды. Жарыс соңында жеңімпаз командалар мен жүлдегерлер жарыс кубогымен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.